
Қыс мезгілінде ауа температурасы төмендеп, өзен мен көл бетінде мұз қалыңдайды. Мұз астындағы судағы оттегі мөлшері азайып, балықтар мен басқа су организмдерінің тіршілігіне қауіп төндіруі мүмкін. Сол себепті аэрация жұмыстары жүргізіледі.
«Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватында балықтардың тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында 100-ге жуық ойық жасалды. Аэрация жұмыстары жоспарға сәйкес қаңтар айынан наурыз айына дейін жүргізілетін болады.
Aэрацияның мақсаты су қабатындағы оттегін қалпына келтіру, балықтардың өлім-жітімін азайту, су экожүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету. Су бетінде арнайы ойықтар ашылып, қамыс-құрақтар арқылы ауа мұз астына жеткізіледі. Бұл әдіс судағы тірі ағзалар үшін қолайлы жағдай жасайды.
Аэрация жұмыстары су экожүйесінің тұрақтылығын сақтауға және балық ресурстарын қорғауға бағытталған маңызды іс-шара болып табылады.