Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері осы күндері Самарқандта өтіп жатқан СИТЕС Тараптарының 20-шы Конференциясында белсенді жұмысын жалғастыруда.
26 қарашада қазақстандық делегация Оңтүстік Кореяның, Еуропалық одақтың, Катардың, Намибияның, Ресей Федерациясының, Индонезияның және Ұлыбританияның ресми делегацияларымен, сондай-ақ халықаралық үкіметтік емес ұйым - Жабайы аңшылық және қорғау жөніндегі халықаралық кеңестің (CIC) өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
27 қарашада Конференция аясында Бразилия, Сингапур, Египет, Канада, Үндістан делегацияларымен, сондай-ақ үкіметаралық халықаралық ұйыммен - Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен (UNODC) және халықаралық ҮЕҰ - Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен (WWF) кездесулер өтті.
Жабайы табиғатты, оның ішінде киіктерді сақтау, қалпына келтіру және орнықты пайдалану мәселелері, сондай-ақ дериваттарды заңсыз сатуға қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды.
Моңғолиямен өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап киік дериваттарын заңсыз сатуға қарсы күрес, оның ішінде таңбалау жүйесі бойынша тәжірибе алмасу және киік дериваттары айналымының ашықтығын қамтамасыз ету арқылы мониторинг, қорғау саласындағы ынтымақтастықты жалғастыруды және кеңейтуді ұсынды. Қазақстан қадағалау және бақылау тетіктерін енгізу тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін білдірді.
Талқылау барысында Қазақстан CITES қағидаттарына және басқа да халықаралық конвенцияларға сәйкес келетін киікті орнықты пайдалану моделіне көшу жөніндегі өз ұстанымын ұсынды. Атап айтқанда, делегация әріптестерін Қазақстан Республикасының киік дериваттарының халықаралық саудасына нөлдік экспорттық квотаны алып тастау туралы өтінімі туралы хабардар етті.
Консультациялар өткізілген елдердің көпшілігі Қазақстанның көзқарасын түсініп, түрді сақтауда қол жеткізілген прогресті атап өтті және киік дериваттарын орнықты пайдалану және халықаралық сауданы реттеу мәселелері бойынша одан әрі сындарлы диалогқа дайын екендіктерін білдірді.