Жануарларды реинтродукциялау бағдарламалары іске асырылуда

Жануарларды реинтродукциялау бағдарламалары іске асырылуда

Қазақстан Республикасында жануарларды реинтродукциялау, яғни түрлердің бұрынғы тарихи мекендерінде жойылып кеткен популяцияларын қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Мұндай шаралардың басты мақсаты — экожүйелік байланыстарды нығайту, табиғи кешендердің тұрақтылығын арттыру және биоалуантүрлілікті сақтау.

Негізгі түрлерді табиғатқа қайтару — экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтірудің маңызды бөлігі болып табылады.

Қазіргі таңда ең ауқымды экологиялық бастамалардың бірі — жолбарысты Қазақстан табиғатына қайта қайтару жобасы.

Амур жолбарысын қайта жерсіндіру жөніндегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру мақсатында 2025 жылы екіжақты жұмыс тобының екі отырысы өтті. Бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес, Ресей Федерациясынан 3–4 жолбарысты әкелу 2026 жылға жоспарлануда.

Құлан популяциясын қалпына келтіру елімізде 70 жыл бұрын басталған. 2024 жылы 42 құлан «Іле-Балқаш» резерватына және 24 құлан «Алтын Дала» резерватына көшірілді. Ағымдағы жылдың күзінде қосымша 17 құлан «Іле-Балқаш» резерватына, ал 19 құлан «Алтын Далаға» жеткізілді.

Пржевальский жылқысын Қазақстан табиғатына қайтару жобасы соңғы жылдары іске асырылып келеді. 2024 жылғы маусымда Қазақстанға Пржевальский жылқыларының алғашқы тобы – 7 бас, ал 2025 жылғы маусымда екінші топ – тағы 7 бас жеткізілді.

Бірінші топтағы жылқылар бейімделу кезеңінен кейін ағымдағы жылдың шілде айында табиғи ортаға жіберілді.

2029 жылға дейін 40-қа жуық жылқы әкелу жоспарланып отыр. Бұл Қазақстан даласында өздігінен көбейетін, тұрақты популяция құруға мүмкіндік береді.

Үлкен сүтқоректілерді табиғатқа қайтару — экожүйелердің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіреді.