2025 жылғы 26 маусымдағы №198-VIII ҚРЗ «Орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелерін кепілдендіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде қабылданған нормаларға түсіндірмелер

2025 жылғы 26 маусымдағы №198-VIII ҚРЗ «Орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелерін кепілдендіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы шеңберінде қабылданған нормаларға түсіндірмелер

Орман шаруашылығы саласы бойынша:

 

  1. Орман қоры аумағындағы орман көміртекті офсеттері

Қабылданған нормалар орман заңнамасының ережелерін парниктік газдарды сіңіруге бағытталған, жаңа орман алқаптарын құру және деградацияға ұшыраған, бұзылған жерлерді қалпына келтіру арқылы жүзеге асырылатын орман көміртекті офсет жобаларына қолдануға бағытталған.

Аталған жобалар орман мекемелері арқылы іске асырылады және орман экожүйелерінің көміртекті сіңіру қабілетін арттыруға бағытталған бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен жасанды ормандарды құру мүмкіндігін қарастырады.

Жоба іске асыру мерзімі аяқталғаннан кейін, құрылған орман алқаптары мемлекеттік меншікке берілуге тиіс.

Осылайша, қабылданып жатқан шаралар орманмен қамтылған аумақтарды ұлғайтуға, сонымен қатар республикалық және жергілікті бюджеттерге түсетін қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

 

  1. ЭТРМ құзыреттерін дебюрократияландыру

Дебюрократияландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс аясында уәкілетті органның ережелерді әзірлеу және бекітуге қатысты жекелеген өкілеттіктері Орман кодексінен алынып тасталып, Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ережесінде белгіленді.

 

  1. ЖАО құзыреттерін кеңейту

Қабылданған норма акиматтарға орман өрттерін сөндіру үшін әуе кемелерін тарту жағдайында авиаотынның резервін қалыптастыру құқығын береді.

 

  1. Орман қоры жерлерін аудару

Энергетикалық қауіпсіздікті, экономиканы және халықты сенімді энергиямен қамтамасыз етуді қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ электр энергиясын тұтынудың жыл сайын артуы жағдайында маневрлік режимде жұмыс істейтін жаңа генерация көздерін енгізу қажеттілігі туындайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» (2023 жыл) атты Қазақстан халқына Жолдауында су энергетикасын, соның ішінде су электр станцияларын (СЭС) салуды дамыту ерекше маңызды екені атап өтілді.

Сонымен қатар, СЭС салуға қолайлы аумақтар еліміз бойынша біркелкі бөлінбеген, олардың бір бөлігі орман қоры жерлерінде орналасқан.

Елдің шектеулі су энергетикалық әлеуетін және энергетикалық тұрақтылықты нығайту қажеттілігін ескере отырып, қуаттылығы 100 МВт-қа дейінгі СЭС салу жобаларын іске асыру үшін орман қоры жерлерінен учаскелер беру мүмкіндігі көзделген.

Аталған жобаларды іске асыру кезінде орнын толтыратын орман отырғызу іс-шараларын міндетті түрде жүргізу қарастырылған.

 

  1. Орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қорғау және сақтандыру

Еңбек және Орман кодекстеріне орман саласы қызметкерлерінің әлеуметтік қамтылуын жақсартуға бағытталған нормалар енгізілді, атап айтқанда:

мемлекеттік қызметші болып табылмайтын орман шаруашылығы қызметкерлеріне (тракторшылар, жүргізушілер, бухгалтерлер, заңгерлер және т.б.) ауылдық жерлерде тұрып, жұмыс істегені үшін лауазымдық жалақысына 25% мөлшерінде үстемақы белгілеу;

орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ орман және табиғатты қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне дала жағдайындағы азық-түлік үлесін беру;

мемлекеттік орман қоры аумағында орман өрттерінің және заңсыз ағаш кесудің авиациялық күзетіне тартылған «Қазавиорманқорғау» РМК мамандарына жеке қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатында шабындық және мал жаю үшін жер учаскелерін алу құқығын беру.

Бұдан бөлек, орман саласы қызметкерлерін еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өзгерістер Қазақстан Республикасының «Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңына енгізілді.

 

6.Астана қаласының орман-парк аймағы мәртебесін беру

Қабылданған норма Астана қаласының орман-парк аймағын тиімді қорғау мен ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Арнайы құқықтық режимді белгілеу оның табиғи және рекреациялық қызметтерін сақтауға ықпал етеді, бұл қарқынды урбанизация және қоршаған ортаға антропогендік жүктеменің артуы жағдайында ерекше өзекті болып отыр.

Орман-парк аймағының нақты шекараларын бекіту, сондай-ақ оның экожүйесіне зиян келтіретін қызмет түрлеріне тыйым салу биологиялық алуан түрлілікті сақтауға, шағын климатты жақсартуға және қалада қолайлы экологиялық жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Аталған шаралар орнықты даму мақсаттарына сәйкес келеді және халық денсаулығын қорғауға бағытталған.