Орман шаруашылығын және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқаруды жетілдіруге бағытталған Заңға өзгерістер енгізілді

Орман шаруашылығын және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқаруды жетілдіруге бағытталған Заңға  өзгерістер енгізілді

Бүгін Сенат депутаттарының бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына арналған брифинг өтті.

Брифинг барысында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының басшысы Б.Меирбеков 2025 жылғы 26 маусымда Мемлекет басшысы қол қойған заң орман ресурстарын тиімді басқаруға, экожүйелердің тұрақтылығын арттыруға және биоәртүрлілікті қорғауға бағытталғанын атап өтті.

Заң аясында мынадай негізгі өзгерістер көзделген:

- әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым объектілері орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін басқа санаттарға ауыстыру тәртібін нақтылау;

- жекелеген мемлекеттік табиғи қорықтардың қорғалуының ерекше режимін енгізу;

- деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіруге және орман отырғызуға бағытталған көміртегі бірліктеріне меншік құқығын қоса алғанда, мемлекеттік орман қорының және запас жерлерінде көміртегі офсеттерін іске асырудың құқықтық негізін құру;

- орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қорғау шараларын, авиаотынның резервтерін құруды қоса алғанда, төтенше жағдайлар кезінде уәкілетті органдардың өзара іс-қимылы мен әрекет ету алгоритмін белгілеу;

- туризм объектілеріне және азаматтық қорғау объектілеріне баратын инженерлік инфрақұрылым құрылысы үшін ұлттық табиғи парктердің жер учаскелерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер санатын өзгертусіз, табиғат қорғау мекемесімен шарт жасау негізінде беру;

- жер қойнауын пайдалану мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін босалқы жерлер санатына ауыстыру нормасын алып тастау.

Заңның қабылдануы орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы жетілдірудің, сондай-ақ құқықтық реттеудегі олқылықтарды жоюдың маңызды қадамы болып табылады.