Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен кәсіби мереке – Эколог күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті еліміздің барлық өңірлерінде экологиялық сенбіліктер ұйымдастырды.
«Жасыл Аймақ» РМК-ға қарасты «Ақ қайың» орман тәлімбағында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің және министрлік мамандарының қатысуымен экологиялық сенбілік өтті. Акция аясында екі жылдық ұсақ жапырақты жөке көшеттері егілген аумақтар арамшөптерден тазартылды. Бұл жұмыстар жас ағаштардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасауға және орман ресурстарын қалпына келтіруге бағытталған.
Сол күні республиканың барлық өңірлеріндегі аумақтық экология департаменттерінде осыған ұқсас экологиялық іс-шаралар өткізілді.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосқан барлық қатысушыларға алғысын білдіреді. Мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатқа деген жауапты көзқарасты дамытуға және қоғам мен табиғат арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.