Айдарбек Сапаров Маңғыстау облысында астық терминалының жұмысымен танысты

Айдарбек Сапаров Маңғыстау облысында астық терминалының жұмысымен танысты

Жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдегі агроөнеркәсіптік кешен нысандарын аралап, олардың қызметімен танысты.

Атап айтқанда, министр бекіре тұқымдас балық өсіру және тағамдық уылдырық өндіруге маманданған «Kazakh Osseter» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының жұмысын көрді. Айдарбек Сапаров балық шаруашылығын агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде атап өтті.

«Маңғыстау облысы аквамәдениет саласында ерекше әлеуетке ие. Заманауи технологияларды қолдану балық шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Мемлекет өз тарапынан бұл саланы жемшөп пен шабақтық материалдарды субсидиялау арқылы қолдауды жалғастырады», – деді министр.

Бүгінде өңірде жабық су айналымы жүйесімен жабдықталған үш кәсіпорын жұмыс істейді: «Kazakh Osseter», «Caspian Riviera» және африкалық жайын өсіретін «Natali Company». 2024 жылы бұл кәсіпорындар 63 тонна тауарлық балық өндірді.

2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында жылына 100 мың тонна өнім өндіру көзделген. Бұл мақсатта қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту, 20 торлы шаруашылық, бір тоған шаруашылығы және бір жабық су айналымы жүйесімен жабдықталған кешен салу жоспарланған. Бұл кешендерде тұқы, бекіре және албырт тұқымдас балықтар өсіріледі.

«Kazakh Osseter» кәсіпорны заманауи жабық су жүйесі арқылы белуга, орыс және сібір бекіресі, шоқыр мен сүйрікті өсіреді. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаттылығы – 60 тонна балық және 1 тонна уылдырық. 2021 жылдан бері мұнда шамамен 7 600 тонна бекіре тұқымдас балық өсірілген.

Сонымен қатар, министр «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» тиесілі «Ақ Бидай-Терминал» АҚ астық терминалына барды. Бұл кәсіпорын Ақтау теңіз портында теміржол арқылы жеткізілген астықты кемелерге тиеумен айналысады.

Терминалдың жылдық тиеу қуаты 400–600 мың тонна аралығында. Ол 22,5 мың тонна астық сақтайтын 11 силоспен жабдықталған және тәулігіне 50 вагонға дейін қабылдай алады, бұл шамамен 3,5 мың тонна астыққа тең.

Қазақстан, Әзербайжан және Иранда астық терминалдарының тиімді жүйесі құрылған. Мысалы, Бакудегі Говсаны портындағы терминалдың жылдық қуаттылығы 600 мың тонна болса, диірмен кешені жылына 50 мың тоннаға дейін өнім шығарады. Амирабад портындағы «Amirabad Grain Terminal Kish» жылына 700 мың тонна астық тиеуге қауқарлы. Барлық терминалдар тәулік бойы жұмыс істейді және автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықталған, бұл қызмет көрсету сапасын арттырады.

Аталған қуаттылықтар Каспий теңізі арқылы Иран, Әзербайжан және ары қарай Қара теңіз, Жерорта теңізі, Парсы шығанағы, Араб және Қызыл теңізі елдеріне астықты үздіксіз экспорттауға және транзиттеуге мүмкіндік береді.

Терминал аумағында оның даму перспективалары, жаңа экспорттық нарықтарды ашу және материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелері талқыланды.

Министр астық жөнелту жұмыстарын күшейтуді және экспорттың үздіксіз жүзеге асырылуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетіне фитосанитариялық сертификаттарды тәулік бойы үздіксіз беруді қамтамасыз ету жүктелді.