Каспий теңізінде итбалықтардың өлімі туралы ақпарат

Каспий теңізінде итбалықтардың өлімі туралы ақпарат
Бұған дейін хабарланғандай, 2024 жылғы 29 наурызда Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында 62 өлі итбалықтың өлекселерін тапты.
Шұғыл түрде итбалықтар табылған жерге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, ветеринарлық станция және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен тұратын жұмыс тобы шықты.
​ Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті су сынамаларын алды, Ветеринариялық станция қызметкерлері ішкі ағзалардың тіндерін (бауыр, өкпе), ал Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы азу тістерін, тырнақтарын және жүнін тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін алды.
Сонымен қатар, қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес жұмыс тобының барлық мүшелері (жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, гидробиология және экология институты, Қазақстандық Қолданбалы Экология Агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, Экология және полиция департаменттері, Табиғат қорғау прокуратурасы) жедел түрде хабардар етілді.
30 наурызда жергілікті атқарушы орган осыған дейін табылған 40 дана итбалық ұшаларын жинап, жою жүмыстарын жүргізді және 22 дана итбалық сынама алу үшін сақталды.
31 наурызда инспекция қызметкерлері жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, Каспий теңізінің жағалауын мониторингтеу кезінде тағы 16 өлі итбалықтың өлекселерін анықтады. 2024 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша өлі итбалықтардың жалпы саны 78.
Итбалықтар табылған жерге 31 наурызда Гидробология және экология институтының (Алматы қаласы) ғалымдары келді, олар бүгінде табылған ұшалардан тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін ішкі ағзалардың тіндерін (бауыр, өкпе), сондай-ақ азу тістерді, тырнақтар мен жүнді ішінара іріктеп алуда.
Табылған өлекселерде физикалық зақым анықталған жоқ.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторингін жалғастыруда.
Ақпарат түскен сайын жаңартылады.