Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны балықтың 1 данасын аулағаны үшін 3 млн теңгеден астам айыппұл төлейді

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны балықтың 1 данасын аулағаны үшін 3 млн теңгеден астам айыппұл төлейді
2023 жылғы 26 сәуірде сағат 15-00 шамасында Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Бұқтырма балық инспекциясы бөлімінің қызметкерлері Алтай ауданының полиция қызметкерлерімен бірлескен рейдтік іс-шаралар барысында балықтардың көктемгі уылдырық шашу кезеңінде өзара іс-қимыл жоспары шеңберінде, ҚР Қызыл кітабына енгізілген балық түрін заңсыз аулау фактісін анықтады.
Тексеру барысында заңбұзушыдан салмағы 4,2 кг «таймен» түріндегі балығының бір данасы бар полиэтилен пакеті табылды. Заңбұзушының айтуынша, балық Бұқтырма өзенінен ауланған.
Табиғатқа келтірілген залал – 3 105 000 (үш миллион жүз бес мың) теңгені құрайды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1 тармағына сәйкес, өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде олардың айналымы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 3000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.