2023 жылғы 20 сәуірде Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері Түпқараған ауданы маңындағы Каспий теңізі жағалауында мониторинг жүргізу барысында бірнеше ондаған өлі итбалықтардың ұшасын тапты.
Қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес жұмыс тобының барлық мүшелері (жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, гидробиология және экология институты, қазақстандық Қолданбалы Экология Агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғат қорғау прокуратурасы) жедел түрде хабардар етілді.
Итбалықтар табылған жерге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясымен Гидробиология және экология институтының, Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің, ветеринариялық инспекцияның, Қазгидрометтің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы шықты.
Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті және Қазгидромет қызметкерлері өлі итбалықтар табылған жерден су мен ауа сынамаларын алды.
Табылған теңіз жануарларының өлімге ұшырағандарының көпшілігі қатты ыдырау және шіру сатысында болғандықтан, сынама алу мүмкін болмады.
Бұл ретте Гидробиология және экология институтының қызметкерлері өлімге ұшыраған итбалық ұшаларынан сынама алу мүмкін болған бір данасынан тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін ішкі ағзаларын (бауыр, өкпе), сондай-ақ тістері мен тырнақтарын, жүнін алды.
Бұдан басқа, теңіз жануарларын табу дерегі бойынша 2023 жылғы 20 сәуірде Маңғыстау облысы Түбқараған ауданының полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады, оның шеңберінде жануарлардың өлімінің себептері мен басқа да мән-жайлары белгіленетін болады.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторингін жалғастыруда.
Ақпарат түскен сайын жаңартылады.