Қостанай облысы, Қостанай ауданы Коровье резервтік су айдынында балықтың қырылуына қатысты ақпарат

Қостанай облысы, Қостанай ауданы Коровье резервтік су айдынында балықтың қырылуына қатысты ақпарат
2023 жылғы 2 сәуірде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Тобыл-Торғай облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы (бұдан әрі – Инспекция) Қостанай ауданы Коровье су айдынында балықтың қырылуы туралы ақпаратты анықтады.
 
Жедел түрде инспекция қызметкерлері ақпаратты тексеру үшін аталған су айдынына барды. Су айдынында тұқы балықтарының қырылуы анықталды. Ағымдағы жылдың 2 сәуірі бойынша жиналған балықтың жалпы салмағы 97 кг. Балықтардың қатты ыдырауына байланысты зертханалық зерттеулер үшін сынама алу мүмкін болмады. Қостанай облысы әкімдігінің Ветеринария басқармасымен бірлесіп, қырылған балықтарды жинау және жою жұмыстары ұйымдастырылды.
 
Бұған дейін хабарланғандай, қолданыстағы өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, осы дерек туралы жедел түрде жұмыс тобының барлық мүшелері (Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы, Қостанай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Қостанай облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы, Қостанай облысы бойынша экология департаменті, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы) хабардар етілді.
 
Сонымен қатар, 2023 жылғы 3 сәуірде Қостанай облысы бойынша экология департаменті тиісті зерттеулер жүргізу үшін су сынамасын алды.
 
2023 жылғы 6 сәуір, яғни бүгінгі жағдай бойынша қырылған балықтың жалпы салмағы 680 кг.
 
Су айдынын тексеру кезінде балықтың қырылуы суда оттегінің жетіспеушілігінен және тереңдігі шамамен 1,2-1,7 метр болатын су айдынының қыс айларында қатып қалуынан болған деп алдын-ала болжам жасалды.
Толығырақ ақпарат қосымша хабарланады.
 
Анықтама: Коровье көлі Қостанай облысының Қостанай ауданында Заречное ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 500 м жерде орналасқан. Резервтік қордағы су айдынының ауданы 48 га.