Маңғыстау облысында итбалықтардың өлімі туралы ақпарат

Маңғыстау облысында итбалықтардың өлімі туралы ақпарат

2022 жылы 27 сәуірде Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігінің жағалауын зерттеуді жалғастыру барысында барлығы 94 өлі итбалық табылды. Зерттеу жұмыстарын ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті, ветеринарлық қызмет және жергілікті атқарушы орган өкілдері жүргізді.

Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті зертханалық зерттеулер үшін су мен топырақ сынамаларын алды. Айта кету керек, итбалықтардың қаңқаларының қатты ыдырауынан өлімнің себептерін анықтау мақсатында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алу мүмкін болмады.

Қазіргі уақытта өлі итбалықтардың қаңқаларын жою шаралары ұйымдастырылуда. Жағалау мониторингі жалғасуда, су мен топырақты талдаудан алынған сынамалардың нәтижесі белгілі болған соң қосымша ақпарат жарияланады.

Естеріңізге сала кетейік, Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында итбалықтың ең көп қырылу дерегі саны соңғы 5 жылда орын алған. 2017 жылы Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласының ауданында итбалықтардың 247 денесі табылған, алайда қырылу себебін анықтау мүмкін болмаған.
Айта кету керек, көптеген жағдайларда итбалықтардың қаңқаларының қатты ыдырауына байланысты сынама алу мүмкін емес. Сонымен қатар, ыдыраудың әртүрлі дәрежесін атап өткен жөн, бұл көптеген себептер бойынша, соның ішінде табиғи өлім-жітім бойынша әртүрлі уақыт кезеңдерінде олардың қырылуын көрсетеді.

Осылайша, жаппай қырылу туралы бірден айту мүмкін емес, өйткені итбалық өлекселері негізінен Түпқараған түбегінің батыс жағалауында көктемде кездеседі, олар батыстан соғатын желмен бүкіл Солтүстік Каспийден тасымалданады. Зерттеулер бойынша итбалықтардың өлім-жітімінің бірден-бір себебі табиғи жағдайдан, яғни қолайсыз қысқы ауа-райы, түрлі аурулар, сондай-ақ антропогендік фактор, браконьерлік ау құралдарынан болатындығын көрсетеді.

Итбалықты қорғауды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен Каспий итбалығы сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізбесіне енді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта Каспий итбалығының популяциясын ғылыми зерттеудің екі қазақстандық-ресейлік бағдарламасы іске асырылуда:

Каспий итбалығының биологиясын және негізгі демографиялық параметрлерін зерделеу жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған зерттеу бағдарламасы;

2020-24 жылдарға арналған Солтүстік Каспийдің қазақстандық және ресейлік акваториясында Каспий итбалығының санын, таралуын және табиғи өсімін бағалау бағдарламасы.

Зерттеулерге қазақстандық және ресейлік ғылыми ұйымдар қатысады:

- Бүкіл одақтық ғылыми-зерттеу балық шаруашылығы және океанография институты ("Вниро" ФМБҒУ "КаспНИРХ" Еділ-Каспий филиалымен); Северцевтің экология және эволюция мәселелері институты(ЭЭЗИ); "Вектор" және "Тайфун" ғылыми-зерттеу ұйымдары (Ресей);

- "Қазақстандық Қолданбалы Экология Агенттігі "(ҚҚЭА);" Қазақстан Республикасының Микробиология және вирусология ЖШС, «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС

Екі ел ғалымдарының бірлескен күш-жігерімен Каспий итбалықтарын зерттеу және теңіз кемелерінен, сондай-ақ ұшақтардан есептеу, мультиспектралды қашықтықтан әуе түсіріліміне негізделген сынақтан өткен халықаралық есепке алу әдісін қолдана отырып жүргізіледі.

Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің қазақстандық және ресейлік секторларында жүргізілген зерттеулер итбалықтардың саны 2020 жылы 282 мың, 2021 жылы 302 мың, ал 2022 жылы жалпы есептік саны шамамен 340-360 мың басты құрағанын айғақтайды.

Теңіздің қазақстандық бөлігі шегіндегі Солтүстік Каспийдің қысқы мұз алаңының үстіндегі әуе барлауы итбалықтардың көбею кезеңінде ең маңызды орын Орал бороздинасының оңтүстігіндегі аумақ екенін көрсетті. 2021 жылдың көктемінде теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінде үш аймақта (Жаңа Дурнева аралдары, Прорва және Ремонтный шальги) шоғырланған итбалықтардың 19 шоғыры табылды.

Бірлескен зерттеулердің қорытындылары бойынша Каспий итбалығын сақтау жөніндегі шаралар әзірленетін болады, олардың бірі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру болуы мүмкін.

Ғылыми ұйымдардың күш-жігерін қолдау мақсатында 2021 жылғы қыркүйекте Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы барысында Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ресей Федерациясының экология және табиғи ресурстар министрлігі арасында Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі 2021-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.

Аталған форумның қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан Республикасының Үкіметіне Каспий итбалығының популяциясын сақтау, олардың мекендеу және көбею аумақтарын қорғау үшін Солтүстік Каспийде мемлекеттік табиғи резерваттар құру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.

Осыған байланысты мақсатты жұмыс басталды. Атап айтқанда, жаратылыстану-ғылыми негіздемесін әзірлеуге техникалық тапсырма жобасы әзірленді, оның негізінде Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі мемлекеттік табиғи резерваттың шекарасы, алаңы, қорғау және пайдалану режимі айқындалатын болады.