
2025 жылғы 3 қараша күні Жайық–Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы аумағындағы Каспий теңізі жағалауын мониторингтеу барысында жағалауға шығып қалған өлі итбалықтардың денелерін анықтады.

Аталған дерек бойынша жергілікті Экология департаменті, Маңғыстау облысы бойынша мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, аудан әкімдігі мен ішкі істер бөлімі, Ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы, сондай-ақ Гидробиология және экология институты, Каспий итбалығын зерттеу және қалпына келтіру орталығы, «Qazaq balyk» республикалық балық шаруашылығы және аквакультура қауымдастығы сынды барлық мүдделі мемлекеттік органдар хабардар етілді.

Жұмыс тобы өлі итбалықтар табылған жерге барып, 2025 жылғы 3 қараша күні сағат 23:00-дегі жағдай бойынша өлген 112 итбалықты анықтады. Итбалықтар шіріктің 3–4 сатысы бойынша қатты шіріген күйде. Аталған дерек Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының ішкі істер бөлімімен Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізіліміне тіркелді.

Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде Каспий итбалығын зерттеумен айналысатын ғылыми ұйым – Гидробиология және экология институтының мамандары оқиға орнында итбалық өлекселерін жарып, зерттеу үшін алынуы мүмкін сынамаларды жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Табылған итбалықтардың өлекселері балық шаруашылығы инспекциясы мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерімен санитарлық нормаларға сай жиналып, жойылуда.

Гидробиология және экология институты мамандарының пікірінше, итбалықтардың өліміне бір айдан астам уақыт өткен, алайда олардың денелері Түпқараған ауданының жағалауына батыс бағыттағы дауылды желмен енді ғана шығарылған. Сонымен қатар ғалымдардың көпжылдық зерттеулері негізінде итбалықтардың өлуінің ықтимал себептері ретінде олардың иммунитеті мен жалпы төзімділігінің әлсіреуі, соның салдарынан инфекциялық ауруларға бейімделгіштіктің артуы көрсетілуде.

Қазіргі таңда Каспий теңізі жағалауын бақылау жұмыстары жалғасуда.
Фото авторы: Гидробиология және экология институты