Қазақстанда тор қоршамадағы балық өсіру ісі белсенді дамып келеді. Бұл – аквашаруашылықтың болашағы зор бағыттарының бірі. Ол балықты жартылай еркін, бақыланатын жағдайда, балық шаруашылығы су айдындарының акваториясына орналастырылған арнайы торларда өсіруді көздейді.
Елімізде 2021 жылдан бері шарбақтық тор қоршамада балық өсірумен 44 шаруашылық айналысса, олардың негізгі бөлігі Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстарында жұмыс істейді. Елдегі жылдық балық өсірудің жалпы көлемі 20 мың тоннаны құраса, соның 3,5 мың тоннасы тор қоршама балық шаруашылықтарына тиесілі.
2027 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту аясында Қазақстанда жалпы құны 50 млрд теңге болатын 39 жоба жүзеге асырылмақ.
Саладағы ең ірі жобаның бірі – құны 12 млрд теңгені құрайтын «Organic Fish» ЖШС-нің бастамасы. Жоба Каспий теңізінің акваториясында жылына 5 000 тонна теңіз форелін өндіруге мүмкіндік беретін теңіз тор қоршама шаруашылығын құруды көздейді.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 2025 жылдың маусым айында кәсіпорынға теңіз тор қоршамаларын орнатуға қажетті жабдықтар мен қосалқы бөлшектер сатып алуға 2,5% мөлшерлемемен 5 млрд теңге жеңілдетілген несие мақұлданды.
5 қыркүйекте Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Каспий теңізінің бекітілген учаскесінде алғашқы торлар орнатылды. Ал қазан айында алғашқы шабақтарды жіберу жоспарланып отыр.
Жобаны іске асыру елдегі балық өсіру көлемін айтарлықтай арттыруға, экспорттық әлеуетті күшейтуге және ішкі нарықты сапалы балық өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Теңіз тор қоршама балық шаруашылығының іске қосылуы – отандық аквашаруашылықты дамыту мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам болмақ.