Киберқауіптің жаңа түріне қатысты

Киберқауіптің жаңа түріне қатысты

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдері мен қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы (бұдан әрі – Комитет) халықаралық ақпараттық кеңістікті мониторингтеу барысында интернет-алаяқтардың белсенділігінің артқанын анықтады.

Шетелдік дереккөздердің мәліметінше, алаяқтар мессенджерлер мен SMS хабарламалар арқылы азаматтарға «жеткізу жүзеге аспады» деген жалған хабарламалар жіберуде (https://dzen.ru/a/aa5EsIuKNzrADYS3, https://www.theguardian.com/money/2026/mar/01/cleaning-superstore-the-missed-delivery-text- scam-whatsapp).

Киберқылмыскерлер курьерлік қызметтер мен логистикалық компаниялардың ресми аккаунттарына ұқсас жалған аккаунттар жасап, олардың атынан мынадай мазмұнда хабарламалар таратады:
«Кешіріңіз, біз сіздің тапсырысыңызды бүгін жеткізе алмадық! Біздің курьер сізбен байланысуға тырысты, бірақ сәтсіз болды. Қайта жеткізуді рәсімдеу үшін сілтемеге өтіңіз».

Сілтеме арқылы өткен жағдайда, жәбірленуші жалған сайтқа түседі. Онда жеке мәліметтерді (аты-жөні, ЖСН, мекенжай) енгізу, сондай-ақ қайта жеткізу үшін шағын төлем жасау ұсынылады.

Қажетті деректерді енгізіп, төлем жасағаннан кейін, алаяқтар азаматтардың жеке ақпараттары мен банктік деректемелеріне қол жеткізеді. Бұл тек қаржылық шығындарға ғана емес, сондай-ақ жеке деректердің кейін қылмыстық мақсатта пайдаланылуына әкелуі мүмкін.

Аталған қауіп түрі шетелде енді ғана тарала бастағанын ескере отырып, халықты жаңа киберқауіп туралы ақпараттандыру және алдын алу жұмыстарын жүргізуді ұсынамыз.

Сонымен қатар, Комитет осы киберқауіп туралы ақпаратты Бас прокуратураның ресми интернет-ресурсында орналастырғанын хабарлайды (пресс-релиз қоса беріледі).

Аталған ақпарат көзі – Комитеттің Қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдері мен қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы.