Астанада «Горгона» фильмінің тұсаукесері өтті

Астанада «Горгона» фильмінің тұсаукесері өтті

Астанада «Горгона» деректі фильмінің тұсаукесеріне арналған баспасөз конференциясы өтті. Белгілі қазақстандық режиссер Ринат Балғабаевтың киножобасы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен іске асырылды.

Фильм зорлық-зомбылықты басынан өткерген кейіпкерлердің шынайы оқиғаларын баяндап, жыныстық зорлық-зомбылық мәселесін қозғайды. Жобаның тұжырымдамасы әлеуметтік желілердегі танымал трендке негізделген. 2022 жылы дүние жүзінде зорлық-зомбылықты басынан өткерген мыңдаған қыз Медуза Горгонамен суреттер жариялады.

«Фильмде біз Қазақстандағы жыныстық зорлық-зомбылық проблемасының ауқымын көпшілікке көрсетіп қана қоймай, зорлық-зомбылықтан аман қалған әйелдерге өз оқиғасын айтуға, сондай-ақ қоғамды қолдау білдіруге шақырып, қолданыстағы әлеуметтік нормаларды өзгерту үшін үлес қосуға тырыстық. Фильм зорлық-зомбылық тақырыбына бей-жай қарамайтын жандарға арналған. Туынды зорлық-зомбылықтан аман қалғандарға қолдау көрсету және қоғамдағы зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне мүлде төзбеуді насихаттайды», – деді фильмнің авторы және режиссері Ринат Балғабаев баспасөз конференциясында.

БҰҰ мәліметтері бойынша, біздің еліміздегі әрбір алтыншы әйел жыл сайын зорлық-зомбылыққа тап болады. Әлемнің көп елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да гендерлік зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандар көпшіліктің кемсітуі мен түсінбейтініне алаңдап айтпайды, қорқыныштан мәселе көлеңкеде қалады.

«Қоғамдық және жеке өмірде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою – бүкіл қоғамның міндеті. Осыған байланысты, мемлекет халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, зорлық-зомбылықтың алдын алу және гендерлік стереотиптерге қарсы күрес бойынша жұмыс жүргізуде. Бірқатар әлеуметтік жобалар Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссиямен, жергілікті атқарушы органдармен, ҮЕҰ-мен, сарапшылармен және халықаралық серіктестермен бірлесіп іске асырылуда», – деді Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Найла Мұхтарова.

«Өз оқиғаларымен бөліскен кейіпкерлер – зорлық-зомбылықтан аман қалған әйелдерді үнсіз қалмай, керісінше қоғамға гендерлік зорлық-зомбылықты бірлесе жоюға шабыттандыратын батыл әйелдердің мысалы. Бұл фильм әйелдер құқықтары үшін күресте және зорлық-зомбылықтың қай түрін болсын жоюда маңызды адвокаттық өнім болады деп үміттенеміз», – деп атап өтті Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымы кеңсесі басшысының м.а. Дина Амришева.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі