Ералы Тоғжанов Қазақстан жастарымен кездесті

Ералы Тоғжанов Қазақстан жастарымен кездесті

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшелерімен, жастар ұйымдарының өкілдерімен, жас кәсіпкерлермен, ғалымдармен және белсенділермен Astana Нub аумағында кездесу өткізді. 

Шара барысында қатысушылар жастар саясатын іске асыру мен оларды қолдау жөніндегі мемлекеттік шаралар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілуі жоспарланған түзетулер бойынша алдағы референдумның міндеттерін талқылады. 

Е. Тоғжанов жастарды қолдау бағытында Үкімет бірқатар ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Мәселен, 2025 жылға дейін орта арнаулы кәсіптік білім беруді ақысыз ету жоспарланып отыр. Ондаған мың грант бөлінетін үздік халықаралық университеттер елімізде өз филиалдарын ашуда. Сондай-ақ жас ғалымдарға да қолдау көрсетіледі. Үкімет жас ғалымдардың санын 50%-ға дейін арттыру міндетін қойды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары жұмыспен қамту мәселелерінің оң шешім тауып жатқанын атап өтті. Коммерциялық идеяларға 10 мың грант бөлінуде, олардың сомасы 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайды. 2025 жылға дейін 2 млн қазақстандық үшін жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр.

«Жастардың негізгі проблемаларының бірі – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Біз 2025 жылға қарай тұрғын үй құрылысының барлық бағдарламалары шеңберінде жас отбасылар үшін 25% квота енгізуді көздеп отырмыз. Бүгінгі күні 3 өңірде іске асырылып жатқан “Отбасы банкінің” жеңілдетілген ипотека бағдарламасын барлық өңірде іске қосу жоспарланып отыр», — деді Е. Тоғжанов.

Сондай-ақ Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге тоқталды. Биылғы 16 наурызда Президент Қ. Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын арнады. Жолдау аясында саяси реформалардың жалпы Қазақстанның жүйелі трансформациясына ықпал ететін және мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының жаңа парадигмасын айқындайтын 10 басым бағыты белгіленді. 

«Қоғам мен елдің өміріне жан-жақты әсер ететін саяси жүйені қайта іске қосудың өршіл мақсаттары айқындалды», — деп атап өтті вице-премьер.

Талқылау барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ жастар саясатын жетілдіру бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов қатысушыларды алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Жастар вице-премьердің үндеуін бірауыздан қолдады.

https://primeminister.kz/kz/news/eraly-togzhanov-kazakstan-zhastarymen-kezdesti-252427