
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының былтырғы жеңімпаздарының бірі – А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы Ерназар Ғимарат.
2023 жылы Ерназар Ғимарат Алматы қаласында алғаш рет Kazakh Piano Fest халықаралық фортепиано музыка фестивалін өткізді. Фестиваль қазақстандық фортепиано мектебін түркі және әлемдік музыкалық кеңістікте танытуға бағытталған. Аталған іс-шара көпшіліктің көңілінен шықты. Осыған орай өткен жылы музыкант «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына «Мәдениет» номинациясы бойынша өз жобасын ұсынды. Бастама қолдау тауып, биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында Ерназар Ғимарат II Kazakh Piano Fest фестивалін ұйымдастырды.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты үшін Президентке шынайы алғысымды білдіремін. Бұл – мәдениет, ғылым, білім және шығармашылық салалардағы дарынды жастарды қолдауға арналған маңызды қадам. Осындай бағдарламалардың арқасында жастар өз идеяларын жүзеге асырып, әлеуетін дамытуға және еліміздің болашағына нақты үлес қоса алады. Бүгінгі таланттарды қолдау – Қазақстанның ертеңіне салынған инвестиция», – деді грант иегері.
Фестивальге жетекші пианистер мен педагогтер, сондай-ақ республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты атанған жас орындаушылар қатысты. Бағдарлама аясында танымал өнерпаздар мен жас пианистердің концерті, шеберлік сабақтары және пікірталас өтті.
Сонымен қатар фестиваль барысында «Ева Коганның репертуарындағы қазақстандық композиторлардың шығармалары» жинағының екінші томы таныстырылды.
Kazakh Piano Fest жобасы тек өнер мен музыканы дәріптеп қана қоймай, сонымен қатар маңызды ағартушылық миссияны да атқарады. Атап айтсақ, жас пианистер мен танымал музыканттарды қолдауды және қазақстандық фортепиано мектебін халықаралық деңгейде дамытуға сеп болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі