Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Жастар және спорт істері министрлерінің IX отырысына қатысты

Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Жастар және спорт істері министрлерінің IX отырысына қатысты

Ташкент қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Жастар және спорт істері жөніндегі министрлерінің IX отырысы өтті. Аталған кездесуге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі атынан вице-министр Евгений Кочетов қатысып, мемлекеттік жастар саясатын дамытудағы негізгі жетістіктер мен басым бағыттар туралы баяндама жасады.

Вице-министр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Сонымен қатар, Алматы қаласының 2025 жылғы ТМҰ-ның Жастар астанасы болып таңдалуы түркі елдері арасындағы ынтымақтасықты дамытудың маңызды кезеңі болғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет болашағы жас ұрпақтың қолында екенін атап өткен. Мемлекет басшысының бастамасымен Президенттік жастар кадр резерві жүзеге асырылуда, сондай-ақ Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес жұмыс істейді.

«Қазақстан алдағы уақытта да Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттермен бірлесіп, білім, ғылым, инновация және мәдениет салаларындағы ортақ бастамаларды дамытуда ынтымақтастықты жалғастырады. Ел жастарының дамуы - мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы», - деп атап өтті Евгений Кочетов.

Жастар шығармашылық секторының дамуы туралы идея халықаралық ынтымақтастық аясында Мемлекет басшысы тарапынан жан-жақты қолдау тауып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылы Алматы қаласында Түркі мемлекеттерінің креативтік индустрияларының Халықаралық форумын өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ТМД елдерінің креативті индустриялары Ассоциациясын құруды ұсынды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі