Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы аясында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» концерт залында «BIRLIK» ән-би ансамблінің Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған концерті өтті.
Концерттің құрметті қонақтары Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары мен мүшелері, сондай-ақ ҚХА қоғамдық құрылымдарының өкілдері болды.
Көрерменге түрлі этностардың ұлттық биі мен әндері ұсынылды. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан қазақстандық этностардың бірлігін бейнелейтін «Сені сүйемін, Қазақстан» атты вокалдық-хореографиялық қойылым мерекелік кештің көркін келтірді.
Көп этносты «BIRLIK» ансамблі 2024 жылы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының жанынан құрылды. Ансамбльдің басты мақсаты — әлем халықтарының мәдени мұрасын сақтау және дамыту, дәстүрлі музыка мен би өнерін кеңінен насихаттау.
Әр этнос өкілдерінен құралған шығармашылық ұжымның қойылымдары өзіндік бірегейлігімен ерекшеленеді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі