Тұрғын үй көмегін көрсету туралы анықтама

Тұрғын үй көмегін көрсету туралы анықтама

«Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі Жоспардың 166, 167-тармақтарын орындау шеңберінде (2025 жылдың соңына дейін коммуналдық қызметтер бойынша шығындардың бір бөлігін өтеу үшін шекті жол берілетін шығындар деңгейін 5% мөлшерінде белгілеу талап етіледі) Индустрия және құрылыс министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрғын үй көмегін көрсету тәсілдерін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізді.

Тиісті өзгерістер «Тұрғын үй көмегін көрсету қағидаларына» енгізілді (ҚР ИҚМ-нің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №117 бұйрығы).
Қағидаларда коммуналдық қызметтерді тұтынудың бірыңғай шекті нормалары белгіленді. Коммуналдық қызметтерді тұтынудың бірыңғай нормаларын айқындау кезінде шекті мәндер көрсетілген, ал әрі қарай олар мәслихат шешімімен бекітілуі қажет.

Шекті жол берілетін шығындар деңгейі қайта қаралды. Ол мәслихат шешімімен 5%-дан 10%-ға дейінгі аралықта белгіленеді.

Жылу және пәтерақы бойынша коммуналдық қызметтерге шығындарды есептеу үшін бір адамға 18 м² тұрғын үй алаңы нормасы белгіленген, бірақ нақты тұрып жатқан алаңнан аспайды; жалғыз тұратын тұлға үшін 30 м²-ден аспауы тиіс.

Бүгінгі күні коммуналдық қызметтер бойынша есептеулерді орталықтандырылған тіркеу жүйесінің болмауы өзекті мәселе болып отыр. Көмек тағайындау кезінде негіз ретінде қағаз түріндегі шығындар мәліметтері алынады. Бұл мәселе Индустрия және құрылыс министрлігінің бақылауында.

Тұрғын үй көмегін тағайындау механизмі қазіргі таңда цифрландырылған, бизнес-процесс 13 әрекеттен тұрады.

Анықтама үшін: өтінім беру электрондық үкімет порталы (egov.kz) немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады.
Өтінішпен бірге өтініш беруші өткен тоқсандағы коммуналдық қызметтер бойынша нақты шығындар туралы мәліметтерді ұсынады. Өтініштер ҚР ЕХӘҚМ-нің «Әлеуметтік көмек» ААЖ-не түседі. Табыс, отбасы құрамы, жылжымайтын мүліктің болуы туралы деректер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады.

Ұсынылған деректер негізінде ҚР ЕХӘҚМ-нің «Әлеуметтік көмек» ААЖ-де көмек мөлшері есептеліп, оны тағайындау немесе бас тарту туралы шешім шығарылады.

Төлем жүргізу үшін көмек алушылардың тізімдері Қазынашылыққа жіберіледі және одан әрі өңделіп, алушыларға қаражат аударылады.