Тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол бермеу туралы ҰСЫНЫМДАМА

Тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол бермеу туралы  ҰСЫНЫМДАМА

 

Тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол бермеу туралы

ҰСЫНЫМДАМА

Астана, 2025

 

  1. Жалпы ережелер

Ұсынымдама тіл жанашырларына және жалпы жұртшылыққа арналған.  Азаматтар қоғамдық қатынастардың барлық саласында тілдерді қолдану барысында заң бұзушылыққа, оның ішінде  Қазақстан Республикасында тілдік белгісі бойынша құқықтарын кемсітуге жол берілген жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әрекет етеді.

Мақсаты: «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру және тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол бермеу, оның алдын алу және болдырмау шараларын қабылдау.

Міндеттері:

- қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру идеясына қолдау көрсету;

- «халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын жүзеге асыру шеңберінде қоғамдық қатынастардың әртүрлі салаларында тілдердің қолданылуы бойынша тілдік кемсітушілікке тап болған, тіл заңнамаларының бұзылуын анықтаған  азаматтардың өтініштерін, арыз-шағымдарын заңды ресімдеуге және оларға құқықтық көмек көрсетуге, кеңестер беруге ықпал ету;

  • қоғамдық қатынастардың әртүрлі салаларында қолданыстағы тіл заңнамасының нормалары бұзылған жағдайда жауапты тұлғаларды, уәкілетті орталық мемлекеттік және жергілікті, құзырлы органдарды хабардар ету;
  • тіл заңнамаларының сақталмауына жол берілген жағдайда мекеменің жауапты мамандарына немесе жеке кәсіпкерлерге заң талаптарын түсіндіруге ниет білдірген азаматтарға құқықтық көмек көрсету.

 

ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН! Әдептілік пен өз бойыңыздағы көркем мінезділік, сабырлылық пен сыпайылық әрдайым жақсы нәтижеге жеткізеді.

Сіз тілдік заңнама нормаларының бұзылуы орын алған жағдайда барынша әдептілікті сақтай отырып, жағдайды ушықтырмай, жеке тұлғаға тіл тигізбей, өте сауатты түрде заң аясында іс-әрекет жасауды ұмытпаңыз!

Сіз тілдік заңнама нормаларының бұзылуы орын алған жағдайда барлық дәлелдер мен деректерді келтіре отырып, тіл саясаты саласындағы уәкілетті және құзырлы органдарға жүгініңіз.

  1. ТІЛ ЗАҢНАМАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ НОРМАЛАРЫ ТУРАЛЫ
  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы

7-бап.

  1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
  2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.

14-бап.

  1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
  2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.

  

  1. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы

4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.

Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.

Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы.

7-бап.  Қазақстан Республикасында тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi.

Қазақстанда мемлекеттiк тiлдiң және басқа да тiлдердiң қолданылуына және оларды үйренуге кедергi келтiретiн лауазымды адамдардың iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.

11-бап.  Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi.

14-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер мемлекеттiк тiлде, ал қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде жүргiзiледi.

21-бап. Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады.

Қазақстанда өндiрiлетiн тауарлардың арнайы мәлiметтер көрсетiлген тауарлық жапсырмаларында (этикеткаларында), таңбаламаларында, нұсқаулықтарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде қажеттi ақпарат болуға тиiс.

Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.

24-бап. Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасының бұзылуына кiнәлi мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары не жауапты хатшылары немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

Лауазымды адамның мемлекеттiк тiлдi бiлмеу желеуiмен жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуы, мемлекеттiк тiлдің және басқа да тiлдердің қолданылу салаларында олардың пайдаланылуына кез келген кедергi келтiру, сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

 

  1. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі ( бұдан әрі - ҚР ӘҚБтК)

75-бап.  Лауазымды адамның тiл бiлмеуін уәж етіп жеке және заңды тұлғалардың құжаттарын, өтініштерін қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәнi бойынша қарамауы – ескерту жасауға немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

  1. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР  Заңы

24-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) фото, бейнетүсірілімді қолдануға қатысты тұтынушылардың құқықтарын шектеуге тыйым салынады.

 

  1. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы

11-баптың 12-тармағы

Жазбаша сұрау салуға жауап өтініш жасалған тілде ақпарат пайдаланушының таңдауы бойынша қағаз және (немесе) электрондық нысандарда беріледі.

Ауызша сұрау салуға жауап өтініш жасалған тілде ауызша нысанда беріледі.

16-баптың 14-тармағы 

Интернет-ресурстағы ақпарат қазақ және орыс тілдерінде берілуге тиіс.  Ақпарат иеленушінің интернет-ресурсының басқа тілдердегі нұсқалары да болуы мүмкін.

 

 

ІІІ. АЗАМАТТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ПАЙДАЛАНУ БАРЫСЫНДА ЗАҢСЫЗДЫҚТАР АНЫҚТАЛҒАН ЖАҒДАЙДАҒЫ ӘРЕКЕТТЕРІ

 

  1. Мекеме (ұйым) маңдайшасында тіл заңнамасы нормаларының сақталмағанын байқаған жағдайда:

1) мекеменің (ұйымның) басшысына немесе жауапты қызметкеріне «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 19, 21-баптарының сақталмағанын және оны қалпына келтіру қажеттілігін ескертіңіз.

Анықтама ретінде:

19-бап. Топонимикалық атауларды, ұйымдардың атауларын пайдалану тәртiбi

Әкімшілік-аумақтық бірліктердің, елді мекендердің құрамдас бөліктерінің, сондай-ақ басқа да физика-географиялық объектiлердiң дәстүрлi, тарихи қалыптасқан қазақша атаулары басқа тiлдерде транслитерация ережелерiне сәйкес берiлуге тиiс.

Мемлекеттiк ұйымдардың, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң атаулары мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде берiледi. Бiрлескен, шетелдiк ұйымдардың атаулары мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде транслитерация арқылы берiледi.

21-бап. Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi

Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады.

Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.}

2) тіл заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін маңдайша туралы жазбаша арыз-шағымыңызды фотосуретімен бірге тіл саясаты саласындағы уәкілетті мемлекеттік орталық және жергілікті атқарушы немесе құзырлы органдарға жолдаңыз {1-қосымша. Шағым үлгісі};

3) орын алған заң бұзушылықтың қалпына келтірілуін бақылауға алыңыз.

  1. Тіл заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін сауатсыз жарнаманы байқаған жағдайда:

1) тіл заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін сауатсыз жарнаманы байқаған жағдайда жауапты мекемені анықтаңыз, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабының, «Жарнама туралы» Заңның 6-бабының сақталмағанын нақты дәлелдер (фотосурет) келтіре отырып ескертіңіз, қажет болған жағдайда тіл саясаты саласындағы уәкілетті органға жазбаша жүгініңіз{2-қосымша. Шағым үлгісі};

Ақпарат ретінде: 

21-бап. Деректемелер мен көрнекi ақпарат тiлi («ҚР Тіл туралы» ҚР Заңы)

Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады.

Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде оң жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi.

6-бап. Жарнамаға қойылатын жалпы талаптар («Жарнама туралы» ҚР Заңы)

  1. Жарнама, электрондық коммерция саласын қоса алғанда, таратудың, орналастырудың нысанына немесе пайдаланылатын құралына қарамастан, анық, тікелей ұсынылу кезінде арнаулы білімсіз немесе арнайы құралдарды қолданбай танылатын болуға тиіс.
  2. Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама (мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-ресурстарды, ақпараттық агенттіктерді қоспағанда) қазақ тілінде, ал жарнама берушінің қалауы бойынша орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де таратылады.

Жарнама мазмұнының аудармасы оның негiзгi мағынасын бұрмаламауға тиiс.

Жарнама мәтіні «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

  1. Қызмет көрсету саласында тіл заңнамасының талаптары сақталмаған жағдайда:

1) мекеме (ұйым) басшылығына тұтынушының талабы бойынша таңдау тілінде  қызмет көрсетілмей, «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының                            24-бабының және ҚР ӘҚБтК 75-бабының сақталмағанын ескертіңіз, сондай-ақ тіл саясаты саласындағы уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органға жазбаша жүгініңіз;

Анықтама ретінде:

24-бап. Қазақстан Республикасының тiл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық («Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы).

Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары не аппараттардың басшылары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

Лауазымды адамның мемлекеттiк тiлдi бiлмеу желеуiмен жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдаудан бас тартуы, мемлекеттiк тiлдің және басқа да тiлдердің қолданылу салаларында олардың пайдаланылуына кез келген кедергi келтiру, сондай-ақ деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бойынша талаптарды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

75-бап. Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық (ҚР ӘҚБтК)

  1. Деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзу – ескерту жасауға әкеп соғады.
  2. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет – лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға – бес, орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға – он, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.}

2) тұтынушы талабы ескерілмеген және қарсылық білдірілген жағдайда, нақты дәлелдер мен дәйектер (фотосуреттер, бейнежазбалар) келтіре отырып, уәкілетті және құзырлы органдарға жазбаша түрде жүгініңіз  {3-қосымша. Шағым үлгісі};

3) заң нормаларының  қалпына келтірілуін бақылауды ұмытпаңыз және қалпына келтірілген жағдайда алғысыңызды білдіріңіз. Ал талап орындалмаған жағдайда қайта шағымдануды іске асырыңыз.

ЕСТЕ САҚТАҢЫЗ!

Тіл заңнамасы нормаларының сақталмауы орын алған жағдайда:

  1. Азаматтар қоғамда дүрбелең туғызбауға, жеке тұлғаларды агрессияға бастамауға, сондай-ақ құқыққа қарсы өзге де әрекеттi (әрекетсiздiктi) қоздыруға жол бермей, әдептілікті сақтауы тиiс.
  2. Мекеменің (ұйымның), жеке кәсіпкердің мүлкіне зиян келтіруге (ақпараттық қағаздарды жұлып алып тастау, қаламсаппен сызып тастау, және т.б.), тұлғаның жеке басына қатысты тіл тигізуге болмайды.
  3. Кез келген азамат қолданыстағы заң нормаларынан хабардар болуы және оның құқықтық салдарларын түсінуі керек.

 

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!

  1. Өңірлерде тілдік белгісі бойынша құқықтары бұзылған азаматтар 109 телефонына қоңырау шалып, операторға арыз-шағымын білдіруге құқығы бар. Бұл жағдайда өтініш білдіруші операторға толық аты-жөнін, заң нормасының сақталмауы туралы және орын алған нақты мекенжайы туралы толық баяндауы қажет.
  2. Оператор шағымды сөзбе-сөз жазып алады, қабылдайды, тіркейді және азаматтарға автоматты түрде аудио жазба жүргізілетіні ескертіледі. Арыз- шағымдар тіл саясаты саласындағы уәкілетті жергілікті атқарушы органдарға жолданады.
  3. Азаматтардан келіп түскен өтініштер Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне (бұдан әрі- ҚР ӘРПК) сәйкес қаралады.

Бұл Заң жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру және қорғау мақсатында олардың өтініштерін беру мен қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

Ақпарат ретінде:

63-бап. Жолданымға қойылатын жалпы талаптар  (ҚР ӘРПК). 

 Жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда берілген жолданымда, хаттамада:

1) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде);

2) жолданым берілетін әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;

3) жолданымның мәні;

4) жолданымның берілген күні;

5) арыз иесінің немесе оның өкілінің қолы;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер көрсетіледі.

76-бап. Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімдері (ҚР ӘРПК). 

 Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі жолданым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды.

 Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімін әкімшілік орган басшысының немесе оның орынбасарының уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды белгілеу қажеттігіне орай екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, әкімшілік рәсімге қатысушы бұл туралы мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

  1. Жеке тұлғалардың орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жүгінген арыз-шағымдары Азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы «е-Otinish» арқылы қабылданады. «е-Otinish» платформасына арыз-шағымдарды жолдау нұсқаулығымен eotinish.kz сайтында танысуға болады.
  2. Азаматтар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар ұсынған жауаппен келіспеген жағдайда ҚР ӘРПК-нің 91, 100-баптары негізінде сотқа жүгіне алады.

 

  1. ЖАУАПКЕРШІЛІК

 

ҚР ӘҚБтК 75-бабының 5-бөлігіне сәйкес жеке тұлғалардың тілді таңдау құқығын шектеу, оларды тілдік белгілері бойынша кемсіту лауазымды адамдарға 10 АЕК  мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

ҚР ӘҚБтК 75-бабының 6-бөлігіне сәйкес 5-бөлікте көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін лауазымды тұлға бір жыл ішінде оны қайталап жасаған іс-әрекеттер анықталса, онда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Бұл жағдайда кемсітушілік бір адамның құқықтарын басқа тілде сөйлейтін басқа адаммен салыстырғанда (таңдауы, қалауы бойынша) бұзу немесе шектеу деп түсіну керек.

Құқық бұзушылықтың мәні болып мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың лауазымды тұлғалары табылады.

1-қосымша

(Үлгі)

ШАҒЫМ

(ҚР ӘРПК-не  сәйкес)

ҚР Конституцияның 7-бабына және «ҚР-дағы тiл туралы» ҚР Заңының  4-бабына сәйкес  Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі болып табылады.

«Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы».

_________ қаласында (ауылында) «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» ҚР Заңының талаптарына қайшылық келтіретін сыртқы көрнекі ақпараттар  тек орыс тілінде орналасқаны анықталды.

Мысалы, ________ қаласы, _________ көшесі, ___-үй (блок) мекенжайында орналасқан ________ дүкенінде көрнекі ақпарат тек орыс тілінде жарияланған (фотоматериал қоса ұсынылады).

Сізден «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» ҚР Заңына сәйкес жауап беруіңізді сұраймын.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңының 11-бабы 5-тармағына сәйкес жазбаша сұрау салуда: ақпаратты сұрататын жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (_________), жеке сәйкестендіру нөмірі (_____________); пошта мекенжайы немесе электрондық поштасының мекен-жайы (____________), телефон немесе телефакс нөмірі (_______) көрсетілді.

ҚР заңнамасына сәйкес қажетті іс-шаралар қабылдап, менің және өзге де азаматтардың құқығын қорғау бағытында әрекет етуіңізді талап етемін.

2-қосымша

(Үлгі)

ШАҒЫМ

(ҚР ӘРПК -не сәйкес)

 

Мен «А» банкінің клиенті ретінде банктің телеарналардағы және көшелерде орналасқан жарнамалары қазақ тілінде сауатсыз жасалғанын назарыңызға саламын.

ҚР Конституцияның 7-бабына және «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» ҚР Заңының 4-бабына сәйкес ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі болып табылады.

Сізден аталған мәселе бойынша Уәкілетті орган ретінде ресми ескерту жасап, қажетті шараларды қолдануды және ӘРПК заңына сәйкес жауап беруіңізді сұраймын.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңының 11-бабы 5-тармағына сәйкес жазбаша сұрау салуда: ақпаратты сұрататын жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (__________), жеке сәйкестендіру нөмірі (__________); пошта мекенжайы немесе электрондық поштасының мекен-жайы (____________), телефон немесе телефакс нөмірі (_______) көрсетілді.

ҚР заңнамасына сәйкес қажетті іс-шаралар қабылдап, менің және өзге де азаматтардың құқығын қорғау бағытында әрекет етуіңізді талап етемін.

3-қосымша

(Үлгі)

ШАҒЫМ

(ҚР ӘРПК-не  сәйкес)

Мен 2023 жылғы 9 ақпанда ақпарат алу мақсатында _____________ министрлігіне хабарластым. Өзін _________________ комитетінің басшысымын деп таныстырған мемлекеттік қызметкер __________________ (тегі, аты, әкесінің аты), менің мемлекеттік тілде қойылған сауалдарыма орыс тілінде жауап берді. Мемлекеттік қызметкердің орыс тілінде берілген жауаптарына түсінбегендіктен/қанағаттанбағандықтан қазақ тілінде қайта жауап беруін өтіндім, қызметкер қазақ тілінде жауап беруден бас тартты.

ҚР Конституцияның 7-бабына және «ҚР-дағы тiл туралы» ҚР Заңының  4-бабына сәйкес ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі болып табылады.

Сонымен қатар «ҚР-дағы тiл туралы» ҚР Заңының 8-бабына сәйкес «Мемлекеттiк тiл Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдарының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының жұмыс және iс қағаздарын жүргiзу тiлi болып табылады, орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.

Мемлекеттiк емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттiк тiл және қажет болған жағдайда басқа тiлдер қолданылады».

Сізден ӘРПК сәйкес жауап беруіңізді сұраймын.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңының 11-бабы 5-тармағына сәйкес жазбаша сұрау салуда: ақпаратты сұрататын жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (__________), жеке сәйкестендіру нөмірі (_________); пошта мекен-жайы немесе электрондық поштасының мекен-жайы (_________), телефон немесе телефакс нөмірі (_______) көрсетілді.