8%-дан 59%-ға дейін: мемлекеттік аудиттен кейін Қазақстанда мемлекетаралық және ұлттық стандарттарды әзірлеу құны төмендеді

8%-дан 59%-ға дейін: мемлекеттік аудиттен кейін Қазақстанда мемлекетаралық және ұлттық стандарттарды әзірлеу құны төмендеді

Қазақстанда ұлттық және мемлекетаралық стандарттарды әзірлеу құны 8%-дан 59%-ға дейінгі аралықта төмендеді. Бұл шаралар ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша қабылданды.

Өткен жылы Сауда және интеграция министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит барысында 2021 жылы «ҚазСтандарт» РМК стандарттарды әзірлеу құнын бағалаудың жаңа әдістемесін ұсынғаны анықталды. Соның нәтижесінде 2022 жылы стандарттарды әзірлеу құны 2021 жылмен салыстырғанда 6,8-8,7 есе өскен. Еңбекақы қоры 13,2 есе, яғни одан да көп өскен, алайда тиісті жұмыскерлердің жалақысы 0,3-2,2 есе ғана өскен.

Ал Техникалық реттеу комитетінің осы әдістемені бекіткен бұйрығы Әділет министрлігінде тіркелмеген және тиісінше ресми нормативтік құқықтық акт мәртебесі болмаған. Бұл Бюджет кодексінің талаптарын бұзады.

Осыған байланысты Сауда министрлігіне «ҚР СТ 1.40 «ҚР ұлттық стандарттау жүйесі. Стандарттау құжаттарын әзірлеу құнын бағалау әдістемесін» қолданудың заңдылығы мен орындылығын қайта қарау тапсырылды, себебі оны қолдану бюджетке негізсіз жүктеме түсірген.

Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау үшін 2025 жылы Еңбек министрлігі стандарттарды әзірлеуге жұмсалатын ғылыми негізделген уақыт нормативтерін бекітті. Сондай-ақ жаңа ҚР СТ 1.40 стандарты қабылданды, оның мақсаты стандарттарды әзірлеу құнын төмендету болды.

Алдыңғы әдістемемен салыстырғанда әзірлеу құны:

  • Ұлттық стандарттар (ҚР СТ):
    – жаңадан бастап әзірлеу 8%-ға;
    – халықаралық/өңірлік стандарттарды аудару арқылы пайдалану 12%-ға;
    – зерттеулер, талдау және практика негізінде 17%-ға  төмендеді.
  • Мемлекетаралық стандарттар (ГОСТ):
    – жаңадан бастап дайындау 11%-ға;
    – халықаралық/өңірлік стандарттарды аудару арқылы 15%-ға;
    – аудармасыз дайындау 12%-ға;
    – зерттеулер мен практика негізінде 14%-ға;
    – ГОСТ (әзірлеудің екінші кезеңі) 59%-ға төмендеді.

Жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша басқа да тапсырмалар мен ұсынымдардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.