Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы 25 сәуірде «Су ресурстары саласындағы тиімділік аудиті» тақырыбында онлайн-семинар өткізді. Іс-шара ЭКОСАИ Басқарма кеңесінің 28-отырысы мен Оқу комитетінің 23-отырысы шешімдерінің, сондай-ақ жұмыс келіссөздерінің қорытындылары аясында өтті.
Семинарды ашқан Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов су ресурстары экономикалық және геосаяси тұрақтылықтың маңызды факторы екенін атап өтті.
«Су ресурстарына жүргізілетін аудит саласы қоғамның әл-ауқаты мен өркендеуі үшін өте маңызды. Осыған байланысты су ресурстары саласында тиімділік аудитін жүргізу үшін өзара тәжірибе мен практика алмасу барлық тарап үшін қызығушылық тудырады», — деді ол.
Семинарға ЭКОСАИ-ға мүше елдердің жоғары аудит органдарының өкілдері – Әзербайжан, Иран, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан және Түркия, сондай-ақ бақылаушылар ретінде Палестина мен Катардың өкілдері қатысты.
Қатысушылар су ресурстарына аудит жүргізу кезінде туындайтын мәселелер бойынша тәжірибе алмасып, проблемаларды талқылады. Әзербайжан, Пәкістан, Түркия және Тәжікстан елдерінің спикерлері практикалық кейстерін бөлісті.
Семинар соңында Қазақстан өкілі халықаралық ынтымақтастық пен күшейтілген қадағалауға негізделген су ресурстарын басқарудың кешенді тәсілін енгізуді ұсынды. Бұл су экожүйелерін сақтауға және халықты таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал бұл барлық елдер үшін стратегиялық маңызды міндет болып табылады.