Мемлекет төтенше жағдайлардан қорғау және өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтті. Осы жұмыстар аясында Үкімет пен Төтенше жағдайлар министрлігі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен тапсырмаларын есепке алды.
Өткен жылы Жоғары аудиторлық палата Төтенше жағдайлар министрлігі қызметінің тиімділігіне аудит жүргізді. Аудит қорытындысы бойынша Үкіметке республика аумағында сейсмологиялық зерттеулер жүргізу бөлігінде 2022-2026 жылдарға арналған азаматтық қорғаныс жүйесін дамытуға баса назар аудару ұсынылды.
Кейін Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеп, бекітті. Мұнда Шымкент, Қонаев, Тараз, Талдықорған қалаларын, Алматы агломерациясын, сондай-ақ басқа өңірлерді қоса алғанда, ел аумағындағы сейсмикалық қатерді зерттеу шаралары көзделген.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы ескеріле отырып, Өндірістік қауіпсіздіктің 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Ол ҚР техникалық регламенттерінде, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларында, нұсқаулықтар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілерінде белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұған қоса Төтенше жағдайлар министрлігіне жедел резервтің материалдық құндылықтарын пайдалану қағидаларына оларды есепке алу, сақтау және жаңарту тәртібі бөлігінде бірқатар өзгеріс енгізу тапсырылды. Төтенше жағдайлар министрінің қажетті өзгерістер бойынша бұйрығы 2025 жылғы 3 сәуірде бекітілді.
Жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша берілген басқа да ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында болады.