Әлихан Смайылов Тәжікстанның Есеп палатасының төрағасымен кездесті

Әлихан Смайылов Тәжікстанның Есеп палатасының төрағасымен кездесті

ШЫҰ елдерінің жоғары аудит органдары басшыларының Душанбеде өткен 7-ші кездесуі аясында Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов пен Тәжікстанның Есеп палатасының төрағасы Джамшед Абдурахмон Каримзода кездесу өткізді.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов екі ведомство арасындағы нәтижелі ынтымақтастық екі елдің достық, сенім және өзара құрмет қағидаттарына негізделген жоғары деңгейін көрсететінін атап өтті.

«Қазақстан мен Тәжікстанның жоғары аудит органдары арасындағы әріптестікті жоғары бағалаймыз», — деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.

Ол өз сөзінде өзара іс-қимыл тек екіжақты деңгейде ғана емес, халықаралық ұйымдар аясында, соның ішінде Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы төрағалық ететін ТМД елдерінің мемлекеттік аудит стандарттарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы аясында да жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Әлихан Смайылов сондай-ақ Қазақстандағы мемлекеттік аудит жүйесін күшейтуге бағытталған өзгерістерден де хабардар етті. Атап айтқанда, Жоғары аудиторлық палатаға жергілікті бюджет қаражатына аудит жүргізу және республикадағы өзге аудит органдарының аудит нәтижелерін қайта қарау құқығы берілді.

«Қазіргі уақытта біз өз қызметімізді цифрландыруға, сондай-ақ мемлекеттік аудит әдістері мен практикасын жетілдіруге ден қойып отырмыз. Осыған байланысты Тәжікстанның Есеп палатасымен тәжірибе алмасуға дайынбыз», – деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.