Әлихан Смайылов ШЫҰ елдерінің жоғарғы аудит органдары басшыларының 7-ші кездесуінде сөз сөйледі

Әлихан Смайылов ШЫҰ елдерінің жоғарғы аудит органдары басшыларының 7-ші кездесуінде сөз сөйледі

Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бастаған Қазақстан делегациясы жұмыс сапарымен Душанбеге (Тәжікстан) барды. Онда Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің жоғарғы аудит органдары басшыларының 7-ші кездесуі өтуде.

Ресми іс-шараға Беларусь, Иран, Қазақстан, Қытай, Пәкістан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Үндістан және ШЫҰ Хатшылығының өкілдері қатысады.

Кездесудің негізгі тақырыбы – су ресурстарын тиімді пайдалануды арттыру үшін мемлекеттік бақылауды күшейту. Бұл аймақ елдері үшін басым бағыттардың бірі болып отыр.

Сонымен қатар күн тәртібінде Қазақстанның Жоғарғы аудиторлық палатасының үйлестіруімен жүргізілген ауыл шаруашылығындағы қатарлас аудиттің нәтижелері, ШЫҰ-ның сыртқы аудит механизмін жетілдіру шаралары және басқа да бірқатар мәселе қаралды.

Негізгі тақырыптық сессияда сөйлеген сөзінде Әлихан Смайылов тұтынудың өсуі, тапшылықтың артуы, су қоймаларының ластануы және климаттың өзгеру салдарынан туындайтын су ресурстары мәселелері ШЫҰ елдерінің көпшілігіне ортақ екенін атап өтті.

«Қазақстан үшін су ресурстарын тұрақты пайдалану және қорғау мәселелері басымдыққа ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдеу технологияларын енгізу және республиканың су шаруашылығын басқару жүйесін реформалау бойынша шешуші және жедел шаралар қабылдаудың маңыздылығын баса назарға салады», – деді Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы.

Жоғарғы аудиторлық палата Қазақстандағы су ресурстарының жағдайы мен оларды пайдалану тиімділігіне тұрақты түрде аудит жүргізеді. Соңғы уақытта мұндай тексерулер 2018, 2022 және 2023 жылдары өткізіліп, нақты тапсырмалар мен ұсынымдар әзірленді.

Аудиттердің нәтижесінде Қазақстанда республикалық меншікке жататын су шаруашылығы құрылыстарының паспортизациясы және су қоры жерлерінің инвентаризациясы жүргізілді. Сонымен қатар су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері мен тексеру парақтары әзірленді. Басқа да бірқатар шара қабылданды.

«Су ресурстарына жүйелі түрде аудит жүргізу проблемаларды уақтылы анықтауға, қаражаттың жұмсалуын ашық етуге және осы саладағы жағдайды жақсартуға бағытталған шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Әлихан Смайылов.

Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы атап өткендей, түрлі елдерде жүргізілген аудит нәтижелері суды ұтымсыз пайдалану, оның ластануы, су инфрақұрылымын жеткіліксіз қаржыландыру және мемлекеттік бақылаудың жетілмегендігі сияқты мәселелердің өзекті болып қала беретінін көрсетеді.

Осыған байланысты Жоғарғы аудиторлық палата мынадай шаралады іске асыру қажет деп санайды:

– мемлекеттік бақылауды күшейту, есептілік пен мониторингтің нақты механизмдерін әзірлеу арқылы су ресурстарын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыру;

– бағдарламалардың қайталануын болдырмай, су шаруашылығы жобаларына арналған бюджет қаражатын пайдалануды оңтайландыру;

– мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы суды тазарту және қайта пайдалану бойынша инновациялық технологияларды енгізуді жеделдету;

– трансшекаралық су объектілерін қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету, су пайдаланудың бірлескен стандарттарын енгізу;

– су шаруашылығы ұйымдарының экологиялық және қаржылық аудитін күшейту.

Әлихан Смайылов ШЫҰ елдерінің жоғарғы аудит органдары суды ұтымды пайдалану мәселелері бойынша үкіметтер, халықаралық институттар және іскерлік қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды қолдайтынын атап өтті.

«Халықаралық өзара іс-қимыл мен тиімді бақылау механизміне негізделген су ресурстарын басқарудың кешенді тәсілі болашақ ұрпақ үшін су экожүйелерін сақтап қана қоймай, сонымен қатар халықты таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – ШЫҰ-ға мүше елдер үшін стратегиялық басымдық», – деп түйіндеді Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағасы.

Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы саласындағы қатарлас аудиттің қорытындылары туралы Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскин баяндама жасады.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің жоғары аудит органдары басшыларының 7-ші кездесуінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме мен 2025-2027 жылдарға арналған Іс-шаралар жоспары мақұлданды. Ұйым құрамына Беларусь пен Иранның жоғары аудит органдары ресми түрде кірді.