ҚР Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Нұрлан Нұржанов бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Норвегияның Ұлттық аудит кеңсесіне және INTOSAI Даму бастамасының (Жоғары аудит органдарының халықаралық ұйымы) жергілікті әкімшілігіне барды.
Жұмыс сапары Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның жоғары аудит органдарына (ЖАО) институционалдық қолдау көрсету бойынша Дүниежүзілік банктің гранты аясында өтті.
Сапар барысында қазақстандық аудиторлар мемлекеттік аудит жүргізудегі Норвегияның тәжірибесін, сондай-ақ Норвегия жоғары аудит органының ұйымдық құрылымын, қызметінің негізгі бағыттарын зерттеді.
Сондай-ақ ҚР Жоғары аудиторлық палатасының өкілдері Норвегия Парламентінің (Стортинг) Қадағалау және конституциялық мәселелер жөніндегі комитетінің мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында парламенттік қадағалау мен Норвегия ЖАО және Парламенті арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері талқыланды.
Сонымен қатар қазақстандық аудиторлар INTOSAI Даму бастамасы (IDI) ұйымдастырған семинарларға қатысты. Бұл семинарларда стратегиялық жоспарлау, сапаны басқару мәселелері, сондай-ақ мемлекеттік аудиторлардың әлеуетін арттыру және кәсіби дамуы саласындағы IDI жүзеге асырып жатқан жаһандық бастамалар қаралды.
Жоғары аудиторлық палата делегациясының жұмыс сапары мемлекеттік аудит саласындағы тәжірибе алмасу бойынша халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам болды. Сапар барысында отандық мамандар зерттеген әдістер мен тәсілдерді Қазақстанда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында қолдану мүмкіндігі қарастырылатын болады.