Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Расул Рахимов бастаған делегация International Visitor Leadership Program (IVLP) «Қазақстанда қаржылық ашықтықты арттыру» халықаралық кәсіби алмасу бағдарламасына қатысты.
Сапар барысында Жоғары аудиторлық палата өкілдері бірнеше федералдық және жергілікті мемлекеттік органға барып, мемлекет қаржысының есептілігі саласындағы АҚШ тәжірибесімен танысты.
Сапардың негізгі бағыттары:
- АҚШ федерализм жүйесін, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету механизмдерін және аудит органдарының АҚШ Конгресімен өзара әрекеттесуін зерттеу.
- Федералдық және штат деңгейіндегі сыртқы және ішкі мемлекеттік аудит жүйесімен, соның ішінде мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылаудың озық тәжірибелері және әдістерімен танысу.
- Муниципалдық бюджетті жоспарлау және орындау үдерістерін цифрландыруды зерттеу.
- Мемлекеттік мекемелердегі этика және есептілік мәселелерін, сондай-ақ аудит нәтижелеріне азаматтардың қолжетімділігін арттыру механизмдерін қарастыру.
- Муниципалдық деңгейде бюджеттеудің қағидаттарын және қаржылық ашықтықты қамтамасыз етудегі аудит органдарының рөлін талқылау.
- Мемлекеттік этика және мемлекеттік басқаруды цифрландыру мәселелері бойынша инновациялық тәсілдерді талдау.
- Нью-Йорк қаласы мен Нью-Йорк штатында бухгалтерлік есеп жүргізу, шоттарды тексеру және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау әдістерімен танысу.
Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының делегациясының IVLP бағдарламасына қатысуы фискалдық ашықтық және мемлекеттік аудит саласындағы озық тәжірибелерді зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар екі елдің жоғары аудит органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді.