Қазақстанда мемлекеттік қаржы жүйесі PEFA әдістемесі бойынша бағаланады

Қазақстанда мемлекеттік қаржы жүйесі PEFA әдістемесі бойынша бағаланады

Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскин бастаған Палата өкілдері Астана қаласында өткен PEFA бағалауының бастапқы кездесуіне және таныстыру-техникалық семинарына қатысты.

PEFA мемлекеттік бюджеттік басқарудың ашықтығын, тиімділігін және тұрақтылығын бағалауға, негізгі сын-қатерлерді анықтауға және оларды шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Жиын барысында PEFA әдістемесінің негізгі қағидаттары, сәтті іске асырылған елдер бойынша мысалдар және мемлекет шығыстарының тиімділігін арттыру үшін бағалау нәтижелерін пайдалану мүмкіндіктері таныстырылды.

Іс-шараның ашылуында ҚР Қаржы вице-министрі Даурен Темірбеков, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша институттар тәжірибесінің жетекшісі Адриан Фоззард және Азия даму банкінің мемлекеттік сектор басқармасының директоры Чигдем Акин сөз сөйледі.

Кездесу барысында PEFA бағалауын жүргізу әдістемесі ұсынылып, мемлекет қаржысын басқарудың әртүрлі аспектілерін бағалайтын 31 индикатор жан-жақты талқыланды. Бұл индикаторлар жеті негізгі санатқа бөлінеді:

  1. Мемлекет қаржысының ашықтығы;
  2. Бюджетті жоспарлаудың сенімділігі;
  3. Кірістерді басқарудың тиімділігі;
  4. Бюджеттің орындалуын бақылау;
  5. Аудит және сыртқы тексеру;
  6. Мемлекеттік қарызды басқару;
  7. Бюджетаралық қатынастардың ашықтығы.

Айта кету керек, Қазақстанда PEFA бағалауын жүргізудің негізгі кезеңі биыл 3-7 наурыз аралығында өтеді.

Анықтама ретінде: PEFA – елдегі мемлекеттік қаржы жүйесін бағалау үшін қолданылатын стандартталған әдістеме. Қазақстандағы соңғы бағалау 2018 жылы жүргізілген.