Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы мен Әзербайжанның Есеп палатасының қызметкерлері квазимемлекеттік сектордағы тиімділік аудитін жүргізу мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Бірлескен іс-шара практикалық семинар форматында өтті.
Мұндай іс-шаралар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Кешенді бағдарламаны іске асыру шеңберінде тұрақты түрде өткізіледі.
ҚР Жоғары аудиторлық палатасы «Біріккен химиялық компания» ЖШС мен оның еншілес ұйымдарындағы активтерді басқарудың тиімділігіне жүргізілген аудит мысалында өз әдіснамалық құралдарын, әзірлемелері мен осындай тексерулерді жүргізуге қатысты тәсілдерін ұсынды.
Аталған аудит 874 млрд теңгеден астам соманы қамтыды. Оның аясында аудиторлар химия саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуын жеке тексеріп, мемлекеттік органдардан алынған қажетті ақпаратты басқа да көптеген дереккөзбен салыстырды. Жүргізілген кешенді жұмыстың нәтижесінде жүйелі кемшіліктер анықталып, оларды жою үшін Жоғары аудиторлық палата тиісті ұсынымдар әзірледі.
Сонымен қатар қазақстандық аудиторлар әріптестеріне тексерулерді қалай жоспарланғанын, қандай құжаттарға сүйенетінін және мемлекеттік аудит саласындағы қандай нормативтік-құқықтық актілерге негізделетінін баяндап өтті.
Өз кезегінде Әзербайжан Республикасының Есеп палатасының өкілдері «Әзербайжандық инвестициялық компания» АҚ қызметінің тиімділігіне жүргізілген бағалау туралы егжей-тегжейлі айтып беріп, қазақстандық әріптестерінің сұрақтарына жауап берді.
Тараптар ашық форматта аудит барысында кездесетін қиындықтар мен оларды шешу жолдарын, сондай-ақ тексеру іс-шараларының тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен Әзербайжанның жоғары аудит органдары арасындағы осындай іс-шаралар олардың әлеуетін нығайтуға және екі мемлекет арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.