ШЫҰ елдерінде ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру: қатарлас аудит қорытындысы шығарылды

ШЫҰ елдерінде ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру: қатарлас аудит қорытындысы шығарылды

Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы саласындағы қатарлас аудиттің үйлестірушісі болды.

24 ақпанда ҚР Жоғары аудиторлық палатасы бейнеконференция режимінде Қытай, Қырғызстан және Пәкістанның жоғары аудит органдарының өкілдерімен қорытынды бірлескен отырыс өткізді.

Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскин ауыл шаруашылығы ШЫҰ елдерінің Жалпы ішкі өнімінде маңызды рөл атқаратынын, сондықтан аудит жүргізу осы саланың ашықтығын, тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру үшін қажет екенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы саласында аудит жүргізу – бұл бақылау құралы ғана емес, сонымен қатар осы саладағы тиімді мемлекеттік басқаруға, табиғи ресурстарды сақтауға және саланың экономикалық тұрақтылығын нығайтуға ықпал ететін жақсарту құралы», — деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата мүшесі.

Әр елде аудит бағыты жеке таңдалды: Қазақстанда – ауыл шаруашылығын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражаты; Қытайда – ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғауға бағытталған бағдарламалар мен қаржы; Қырғызстанда – органикалық ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралар; Пәкістанда – Пенджаб провинциясының ауыл шаруашылығы саласын тұрақты және инклюзивті қайта құру бағдарламалары.

Отырыс барысында қатысушылар тәжірибе алмасты, аудитте қолданылатын әдістер мен тәсілдерді, туындаған қиындықтарды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді талқылады.

Қорытындылай келе, Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскин жүргізілген қатарлас аудит ШЫҰ елдерінің жоғары аудит органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі маңызды шара екенін атап өтті.

«Қатарлас аудит материалдары біздің елдерімізде мемлекеттік аудиттің әдіснамасы мен практикасын дамытуға ықпал ететініне сенімдімін», — деді ол.

Ұлттық аудиторлық есептерді қоса алғанда, қорытынды талдамалық құжат 2025 жылдың көктемінде Душанбе қаласында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары аудит органдары басшыларының 7-кездесуінде таныстырылатын болады.