Ұлттық экономика министрлігі Қосылған құн салығы есепке алу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесіне өзгерістер енгізді

Ұлттық экономика министрлігі Қосылған құн салығы есепке алу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесіне өзгерістер енгізді

2022 жылғы желтоқсанда Жоғары аудиторлық палата салықтық жеңілдіктер және оларды салықтық әкімшілендіру бөлігінде салық саясатын қалыптастыру кезінде мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Аудит барысында ҚҚС есепке алу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесінде бірқатар елеулі кемшіліктер анықталды:

- 2016 жылғы 31 желтоқсаннан бастап Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасынан шығарылған 3 тауар қосалқы позицияларына өзгерістер енгізілмеген;

- тауардың 11 коды Тізбеде бір-бірін қайталайды;

- Тізбеде СК-ның 427 және 428-баптарының 1-тармағының шарттарына сәйкес келмейтін тауарлардың қосалқы позицияларының кодтары бар (машиналар мен жабдықтардың бөлшектері мен керек-жарақтары, контейнерлер, рельстер, қол құралдары, резеңке бұйымдары, электр үтіктері, шамдар және т.б.).

Тауарлар тізбесіндегі осындай сәйкессіздіктер салдарынан есепке алу әдісімен тауарлар импортына ҚҚС төлеу түріндегі салықтық жеңілдіктер бойынша тексерілген кезеңдегі жіберіп алынған пайданың жалпы сомасы шамамен 6 473,7 млн теңгені құрады.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне 2018 жылғы 21 ақпандағы № 6 бұйрықпен бекітілген Қосылған құн салығы есепке алу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесін қайта қарау және өзекті ету жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасын орындау мақсатында 2024 жылғы 21 ақпандағы № 4 бұйрықпен «Қосылған құн салығы есепке алу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 21 ақпандағы № 67 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі