Астанада АЗОСАИ экологиялық аудит жөніндегі жұмыс тобы өз жұмысын бастады

Астанада АЗОСАИ экологиялық аудит жөніндегі жұмыс тобы өз жұмысын бастады

Бүгін, Астана қаласында Азия жоғары аудит органдары ұйымының экологиялық аудит жөніндегі жұмыс тобы (АЗОСАИ ЭАЖТ) өзінің  9-отырысын бастады. Іс-шара Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының ұйымдастыруымен өтуде.

Іс-шараға 16 шет елдің (Вьетнам, Индонезия, Үндістан, Иордания, Қытай, Кувейт, Малайзия, Марокко, Непал, Пәкістан, Филиппин, Ресей Федерациясы, Тайланд, Түркия, Финляндия, Өзбекстан Республикасы) жоғары аудит органдарының (ЖАО) өкілдері – АЗОСАИ ЭАЖТ мүшелері, БҰҰДБ, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Азия даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінң, Астана қаласы әкімдігінің және ҚР тексеру комиссияларының өкілдері қатысуда.

Жоғары аудит органдарының (ЖАО) экологиялық аудитте атқаратын рөлі маңызды және мемлекеттік сектор қызметінің экологиялық жауапкершілігін, ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде шешуші мәнге ие. Экологиялық проблемалардың барлық жерде мойындалуына қарай, ЖАО-ның рөлі кеңеюде және бүгінгі күні ЖАО мандаттары экологиялық аудит жүргізуді қамтуда.

Экологиялық аудиттің дамуы мен таралуы 5200 «Экологиялық тұрғыдан аудит жүргізу жөніндегі нұсқаулық» халықаралық аудит стандартын әзірлеп, бекіткеннен кейін мүмкін болды. Экологиялық аудит саласында бірқатар халықаралық стандарттар мен жұмыс құжаттары әзірленді, ИНТОСАИ, ЕУРОСАИ, АЗОСАИ жұмыс топтары құрылды.

Көптеген елдерде экологиялық аудит белсенді жүргізілуде. Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау саласындағы аудит 2015 жылдан бастап Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) мандатына енгізілген. Қазіргі уақытта ЖАП экологиялық аудит әдіснамасын жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыруда. Ағымдағы жылы ЖАП IDI INTOSAI* халықаралық жобасына және Экологиялық аудит бойынша INTOSAI жұмыс тобына қатысты.

Ашылу салтанатында Қазақстан ЖАО төрағасы – Наталья Годунова мен Қытай ЖАО бас аудиторының орынбасары, АЗОСАИ ЭАЖТ төрағасы - Ли Фэн мырза құттықтау сөз сөйледі.

Наталья Годунова: «Қоршаған ортаның ластануы, климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі тәуекелдерін төмендетуде экологиялық аудиттің маңыздылығы артып келе жатқан қазіргі уақытта, тәжірибе алмасу – экологиялық аудит әдіснамасын жетілдірудің ажырамас бөлігі», - деп атап өтті.

Өз кезегінде Ли Фен мырза жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, өткізіліп жатқан іс-шараның маңыздылығын атап өтті. «АЗОСАИ ЭАЖТ Азиядағы экологиялық аудиттің ұзақ мерзімді және дұрыс дамуына ықпал ету үшін бар күшін салады», - деді Ли Фен мырза.

Сонымен қатар, Бразилияның ЖАО басшысы және ИНТОСАИ төрағасы Бруно Дантас бейнебайланыс арқылы отырысқа қатысушыларды құттықтап, барлығына жемісті жұмыс тіледі.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Наталья Годунованың Непалдың Бас аудиторы Махешвар Кафли мырзамен екіжақты кездесуі өтті, оның қорытындысы бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Түстен кейін, отырысқа қатысушылардың назарына Финляндия ЖАО дайындаған ИНТОСАИ ЭАЖТ-ның 2023-2025 жылдардағы қызметі туралы есеп, IDI дайындаған Климатқа бейімделу жобасы, сондай-ақ Бразилия ЖАО дайындаған Климаттық сканер жобасы ұсынылды.

Бұдан басқа, Қытайдың жоғары аудит органы климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау және ауыз су қауіпсіздігі тақырыбына семинар өткізді.

Отырыс өз жұмысын келесі күні - 24 тамызда жалғастырады, онда қатысушылар АЗОСАЙ ЭАЖТ және басқа да өңірлік бөлімшелердің қызметі туралы есептерді тыңдайтын болады.

* IDI ИНТОСАИ (ИНТОСАИ даму бастамасы) — бұл негізінен дамушы елдерде жоғары аудиторлық органдардың (ЖАО) әлеуетін дамытуды қолдайтын ИНТОСАИ дербес заңды органы.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі