Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі Жоғары аудиторлық палатасының ұжымына цифрлық теңгені енгізу жобасын таныстырды. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов пен «Ұлттық банктің Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы» АҚ төрағасы Бинұр Жәленов цифрлық теңгені тестілеу және оның банктік қосымшалар арқылы кәдімгі қолма-қол ақшасыз есеп айырысудан айырмашылығы туралы айтып берді.
Жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасының ұлттық төлем жүйесін одан әрі дамыту және жаңғырту, жаңа сыртқы сын-қатерлерге бейімдеу.
Бинұр Жәленовтың айтуынша, цифрлық теңге қолма-қол немесе қолма-қол емес ақшаны алмастыруға арналмаған, бірақ қатар қолданылады. Цифрлық валютаны енгізу бірқатар бірегей технологиялық сипаттамаларға байланысты Қазақстанның ұлттық төлем жүйесінің одан әрі дамуын қамтамасыз етеді, атап айтқанда, интернетсіз төлем жасау мүмкіндігі. Цифрлық теңге ұлттық валютаның үшінші нысаны ретінде бірдей заңды төлем құралы болып саналады, оның бағасы теңге бағамына тең болады және оны қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз қаражатқа оңай айырбастауға болады.
Қазіргі уақытта Ұлттық банк цифрлық валютаның артықшылықтары мен тәуекелдерін, оның ақша-кредит саясатына, қаржылық тұрақтылыққа және төлем қызметтері нарығына әсерін жан-жақты зерттеуде.
Шара соңында цифрлық валютаны енгізу әдістемесіне енгізу мүмкіндігін ескере отырып, Жоғары аудиторлық палата қызметкерлерінің ұсыныстары назарға алынды.
Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі