Мемлекеттік аудит және қаржы бақылау органдарының жұмысын жетілдіру мәселелері талқыланды

Мемлекеттік аудит және қаржы бақылау органдарының жұмысын жетілдіру мәселелері талқыланды

Жоғары аудиторлық палата Мемлекеттік аудит және қаржы бақылау органдарының үйлестіру кеңесінің 11-отырысын өткізді. Оның жұмысына Жоғары аудиторлық палатаның, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы және Әділет министрліктерінің, тексеру комиссияларының өкілдері қатысты.

Отырыстың күн тәртібі шеңберінде аудит нәтижелеріне шағымдану бойынша сот практикасы мәселелері, 2022 жылғы мемлекеттік аудит органдарының қызметін бағалау қорытындылары, сондай-ақ сыртқы мемлекеттік аудит органдарының кадрлық әлеуетін нығайту және ішкі мемлекеттік аудитті жүргізу әдіснамасын жетілдіру тәсілдері талқыланды.

Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) Төрағасы Наталья Годунова Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында азаматтар жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен іс-әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жататынына назар аударғанын атап өтті. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет институты енгізілді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды. Нәтижесінде, практика көрсеткендей, соңғы жылдары мемлекеттік аудит органдарының актілеріне шағымдану жағдайлары жиілеп кетті. Бұл туралы ЖАП мүшесі Нұрлан Нұржанов өз сөзінде толығырақ айтып берді.

Отырыстың екінші мәселесін талқылауға кіріскен ЖАП Төрағасы Наталья Годунова 6 жыл бойы мемлекеттік аудит органдарының қызметін бағалау кезінде бірыңғай тәсіл және барлық тексеру комиссиялары үшін бірдей талаптар қолданылатынын атап өтті. Баяндамашы, ЖАП мүшесі Ардақ Теңгебаев 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда тексеру комиссияларының, Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің және ішкі аудит қызметтерінің жұмысында кейбір көрсеткіштер бойынша оң серпін байқалатынын хабарлады. Алайда кемшіліктер мен олқылықтар әлі де бар. Оларды жою және болашақта болдырмау үшін нақты ұсынымдар берілді.

Мемлекеттік аудит органдарының қызметін бағалау әдіснамасын жетілдіру мақсатында тиісті жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.

Кадрлық ресурстарды сапалы басқару үшін тексеру комиссияларына өз құрылымдарын қалыптастыруда «ұтымды тәсілді қамтамасыз ету» тапсырылды. Ал аудит объектілеріне жүктемені азайту және электрондық мемлекеттік аудитке көшуді қамтамасыз ету мақсатында Қаржы министрлігіне тексеру комиссияларына бірқатар ведомстволық ақпараттық жүйелерге («Қазынашылық – Клиент» АЖ, «Е-Қаржымині» талдау орталығы АЖ) қолжетімділік беру туралы мәселені қарау тапсырылды.

Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі