«Ой көкпар» зияткерлік сайысы

«Ой көкпар» зияткерлік сайысы

Қазақстан халқының тілдері күнін, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығы мерейтойларын атап өту, сондай-ақ корпоративтік рухты нығайту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында 2022 жылғы 28 қыркүйекте Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті және оның ведомстволық бағынысты ұйымы қызметкерлерінің арасында «Ой көкпар» зияткерлік сайысы өтті.      

         Сайыстың мақсаты – қызметкерлердің ой-өрісі мен дүниетанымын кеңейту, мемлекеттік тілде еркін сөйлеу дағдыларын дамыту, ұлтына қызмет еткен тұлғаларды насихаттау, мемлекеттік және ұлттық мерекелердің идеологиялық құндылықтарын ілгерілету, оқу-білімге деген қызығушылығын арттыру.

         Аталған сайысқа Есеп комитетінің құрылымдық бөлімшелері, «Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы» ЖШС (бұдан әрі – ЖШС) қызметкерлерінен 3 команда жасақталды. Әр команда 5 ойыншыдан құралды.

         Бұл сайыс ерекше форматта (логикалық сұрақтарға жауап беру, бейне-сұрақ, сыр сандықта жасырылған затты табу, берілген мәтіндерді (тұрақты сөз тіркестерін) орыс тілінен қазақ тіліне, қазақ тілінен орыс тіліне аудару, әзіл сұраққа мақал-мәтелмен жауап беру) тартысты әрі қызықты өткенін атап өту қажет.

Сондай-ақ, қатысушылар мен келген қонақтар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген А. Байтұрсынұлы туралы бейне роликті тамашалап, оның өмір жолымен танысты.

Сайысқа Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің өкілі, сондай-ақ Есеп комитетінің жауапты қызметкерлерінен құралған қазылар алқасы сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтап, оларды арнайы дипломдармен және сыйлықтармен марапаттады.

 

Есеп комитетінің баспасөз қызметі