Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «ASTANA HUB» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің қатысушыларына қатысты камералдық бақылау жүргізді

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «ASTANA HUB» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің қатысушыларына қатысты камералдық бақылау жүргізді

2022 жылғы наурызда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуына және ақпараттандыру саласындағы мемлекет активтерін пайдалану тиімділігіне аралық бағалау жүргізді.

Мемлекеттік аудит барысында ақпараттандыру саласындағы бірқатар бұзушылықтар анықталды.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне «ASTANA HUB» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің қатысушыларына қатысты салықтық бақылау жүргізу мәселесін қарау және заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

Есеп комитетінің тапсырмасын орындау үшін «ASTANA HUB» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің қатысушыларына қатысты камералдық бақылау жүргізілді.

«ASTANA HUB» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің қатысушылары ретінде қызметті жүзеге асыру кезеңінде салық салынбайтын айналым мақсатында жалпы сомасы 3 950,1 млн.теңгеге алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша ҚҚС сомаларын есепке заңсыз жатқызу анықталды. 

Камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар жасалды және жіберілді.

Есеп комитетінің баспасөз қызметі