Бүгін, 2022 жылғы 31 наурызда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын аралық бағалау» мемлекеттік аудитінің қорытындысын шығарды.
Бүгінгі күнде цифрландыру саласында оң үрдістер бар. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша электрондық үкіметтің (е-үкімет) даму деңгейі бойынша елдер рейтингінде Қазақстан 193 елдің арасында 29-орынға тұрақтады. Цифрлық технологияларды таратудың жылдам қарқынына байланысты Қазақстан халқының цифрлық сауаттылық деңгейі соңғы 3 жылда 4,5%-ға өсіп, 2020 жылы 84,1%-ды құрады.
Сонымен бірге, цифрландыруға көп жылдар бойы мемлекеттің қомақты инвестицияларына қарамастан, экспорттың жалпы көлемінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар тауарларының төмен үлесі байқалады, бұл отандық ақпараттық-коммуникациялық тауарлардың ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілетсіздігін көрсетеді.
Айқындалған мақсаттар мен міндеттерді іске асыруда сабақтастықтың болмауы, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының көрсеткіштері мен индикаторларын жоспарлаудағы жүйеліліктің болмауы ақпараттандыру және цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігіне кері әсерін тигізді.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында іс-шараларды аяқтау нысаны ретінде көп жағдайда (125-тен 110 немесе 88%) «есептік ақпарат» көрсетілген. Мұндай жалпылама тұжырымды қолдану кезінде іс-әрекеттің аяқталу дәрежесін бағалаудың нақты өлшемшарты жоқ.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыштық өнеркәсіп министрлігі (ЦДИАӨМ) Мемлекеттік бағдарламаның параметрлері мен көрсеткіштерінің нәтижелілігін талдауға тиісті назар аудармай, Мемлекеттік бағдарламаны мониторингтеу функцияларын формальды түрде жүзеге асырады. Мониторинг нәтижелерінің анықтығы мен толықтығы және Мемлекеттік бағдарламаның бірқатар іс-шараларының уақтылы орындалуы қамтамасыз етілмеген. ЦДИАӨМ тарапынан квазимемлекеттік сектордың ведомстволық бағынысты субъектілерінің қызметін үйлестіруде әлсіздік байқалады.
«Зерде» АҚ-да 2013-2020 жылдарға арналған даму стратегиясының стратегиялық құжаттармен және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен декомпозициясының болмауы, 2021 жылға арналған даму стратегиясы болмаған кезде іс-шараларды жүзеге асыру стратегиялық бағыттардың шараларын іске асыруда төмен мүдделілікті көрсетеді.
«Зерде» АҚ-ны ұстауға жұмсалған шығындар еншілес ұйымдардың дивидендтері есебінен өтелуде. «Зерде» АҚ жарғылық функцияларын орындау бюджеттік қаражат бөлінген кезде ғана жүзеге асырылады.
6 жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік органдарда бұлтты құжат айналымын енгізуде нәтижеге қол жеткізілген жоқ.
Тиімсіз басқару нәтижесінде 987,9 млн.теңгеге шығынды және перспективасы жоқ инвестициялық жобалар пайда болды: «Smart Contract», «Е-Заң Көмегі» құқықтық көмектің бірыңғай ақпараттық жүйесі», «Бірыңғай байланыс орталығы».
ЦДИАӨМ және құрылтайшы «Зерде» холдингі, «Astana Hub» IT-стартаптар халықаралық технопаркі» корпоративтік қоры («Астана Хаб») тарапынан бақылау болмауы кезінде, криптовалюта майнингі саласында жұмыс істейтін компаниялар Астана Хаб қатысушыларының санына енгізілген.
Astana Hub халықаралық технопарктің мәніне, мақсаты мен міндеттеріне сәйкес келмейтін және әлеуметтік-экономикалық әсерді арттыруға бағытталмаған майнингтік компанияларға, сондай-ақ едәуір сату айналымы бар ұйымдарға салықтық жеңілдіктер мен преференциялар берді.
Бұл ретте криптовалюта майнингі саласында жұмыс істейтін 5 компания бойынша 2021 жылдың 1-3 тоқсанында салық преференцияларының сомасы 8,5 млрд теңгені құрады, оның ішінде тек бір ғана компания ресми түрде «майнер» ретінде тіркелген.
Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша Есеп комитеті Үкіметке тиісті ұсынымдар, ал мемлекеттік органдарға тиімділікті арттыру және заңнаманы жетілдіруге бағытталған тапсырмалар берді.
5 факті бойынша мемлекеттік аудит материалдары процесстік шешімдер қабылдау үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға жолданды.
Есеп комитеті бұзушылықтардың жекелеген фактілері бойынша процестік шешім қабылдау үшін материалдарды құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылдады.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі