Есеп комитетінің Төрайымы Н.Н. Годунованың Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөйлейтін сөзінің тезистері

Есеп комитетінің Төрайымы  Н.Н. Годунованың Парламент Палаталарының бірлескен отырысында сөйлейтін сөзінің тезистері

Құрметті Парламент палаталарының төрағалары!

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Құрметті депутаттар, Үкімет мүшелері!

 

Есеп комитетінің қорытындысын сындарлы және қызығушылық танытып қарағандарыңыз үшін ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіздер.  

Біз жыл сайын есебіміздің аясында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігін арттыру және елдегі қаржылық тәртіпті нығайту жөнінде ұсынымдар береміз. Олардың көпшілігі практикалық тұрғыдан іске асырылуда. Өткен жылы берілген ұсынымдардың ішінен Үкімет  70%-ын іске асырды немесе олар бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізуде.

2020 жылдың қорытындыларына келетін болсақ. Республикалық бюджеттің параметрлері мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ете отырып атқарылды.

Алайда, тоқтап өткім келетін резервтер де бар.

 

БІРІНШІ. Макропроцестерге қатысты.

2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы COVID-19 пандемиясынан туындаған қатаң шектеу шараларымен және мұнай бағасының рекордтық төмендеуінен сипатталатын дағдарыс жағдайларында жүзеге асырылды.  

Алайда, Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша қабылданған шаралардың арқасында Үкімет Қазақстан экономикасының елеулі құлдырауының алдын алуға және сыртқы күйзелістердің салдарын азайтуға қол жеткізді.

Ұлттық қор ел үшін «қауіпсіздік көпшігі» рөлін тағы да орындады.

Дегенмен, әлемдік экономика түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде шикізаттық емес кірістердің жаңа көздерін іздеу және Ұлттық қордың қаражатын басқарудың тәсілдерін қайта қарау қажет екені баршаға мәлім.

 

Мұнай-газ секторына деген тәуелділік төлем балансының жай-күйінің нашарлау және ұлттық валютаның тұрақтылығы тәуекелін тудырады.

Кәсіпкерлікті, әсіресе, өнеркәсіпті қолдауға айтарлықтай күш-жігер жұмсалуы тиіс.

Өсіп келе жатқан мемлекеттік борыш елдегі макроэкономикалық тұрақтылық тәуекелдерін тудырады.  

Бұған қарсы тұратын қауқар әлі бар. Бірақ қабылданған борыштық міндеттемелер бойынша біздің нақты тұжырымдалған өз есебіміз болғанын қалар едік. Борышты қашан, қандай көздерден және қандай көлемде өтеу жоспарланып отыр. Және бір-үш жылға емес, кем дегенде 10 жылға есептелу керек. Бұл жерде айқындық пен ашықтық қажет.

Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ағымдағы қызметін іске асыру, халықаралық консультанттарды тарту және шетелдік тәжірибені зерделеу үшін сыртқы қаржыландыру көздерін тарту практикасын жою қажет.

Бізде осы міндеттерді іске асыру үшін өзіміздің қаржылық және адами ресурстарымыз жеткілікті.

Сыртқы қарыздарды тиімсіз тартқаны және пайдаланғаны үшін, сондай-ақ оларды уақтылы игермегені әрі күшін жойғаны үшін дербес жауаптылықты қатаңдату талап етіледі. Бұл жөнінде депутаттар да айтқан болатын.

ЕКІНШІ. Бюджеттің атқарылу тиімділігі.

Бюджеттің атқарылуына қатаң талап қойылғандықтан, әзірге игеру бойынша жарыс жүріп жатыр. Бірақ сананы нәтиже алуға қарай қайта форматтау әлі де ойдағыдай іске асырылмай отыр.

2020 жылы бөлініп, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 570 млрд. теңгені құрады. Бұған республикалық бюджетке қаражатты қайтару да, қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражат қалдықтары да кіреді. Сондай-ақ барлық мемлекеттік аудит органдары, соның ішінде дағдарысқа қарсы ресурстардың жұмсалуы бойынша анықтаған бұзушылықтар да бар. Нәтижесінде бұл ақша пандемияның салдарын жеңілдету үшін уақытында жұмыс істемеді. Тек бұл ғана емес.

Сондықтан біз өткен жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу кезінде мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды адамдардың жауаптылығын күшейту жөніндегі бастаған жұмысты жалғастыру өте маңызды деп есептейміз.

 

 

Қолданыстағы шығыстардың сапасы және іске асырудан алынатын әсері мәніне оларды сыни тұрғыдан қайта қарау қажеттілігі бұрыннан пісіп-жетілді. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы әр сөзінде айтып отырады.

Бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі болған кезде басымдықтарды нақты айқындап, дәйекті түрде белгілеу қажет. Бұл барлық жоспарланған міндеттемелердің орындалуына кепілдік береді және қабылданған шешімдердің сабақтастығын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі мен ұлттық жобалар бұған ықпал етеді деп үміттенеміз.

Депутаттардың көрсеткен қолдауының және Ұлттық экономика министрлігінің белсенді рөлінің арқасында салынған бюджет қаражатынан алынатын экономикалық әсерді бағалау негіздері Бюджет кодексінде көзделген. Оның қалай жүзеге асырылатынын алдағы екі жылда көретін боламыз. Бірақ, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мен Ұлттық экономика министрлігінің әдіснамалық үйлестіруші ретіндегі белсенді ұстанымы одан әрі де маңызды екені анық.

 

ҮШІНШІ. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсартуда резервтер бар. Салықтық тексерулердің нәтижелілігін арттыруға, кедендік статистикадағы алшақтықтарды төмендетуге қатысты сапалы өзгерістерді біз көріп отырған жоқпыз. Артық төлем мәселелері де шешілмеген.

Бұл ретте уәкілетті мемлекеттік орган аудитке де, Мәжіліс депутаттарына да, Сенат депутаттарына да ескертулерді түсіндіре алмады. Бірақ өзін баспасөзде ақтап шығуды қажет деп тапты. Шамасы, мәселенің күрделілігіне сеніп, оқырмандар кәсіби деңгейде толық түсінбейді деп ойлаған шығар. Бірақ, өкінішке орай, анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жасыра алмайсың. Заңға сәйкес олардың барлығы аудиторлық дәлелдермен расталған.  

Бұл ретте, ашықтықты, есеп беруді арттыру және мемлекеттің бизнеске көмек көрсету тетіктерін қайта қарау арқылы фискалдық саясат реформасын іске асыру қажет!. Атап айтқанда, тиімсіз салық жеңілдіктерінің күшін жою және оларды жүйелеу, көлеңкелі экономикаға және салық міндеттемелерін орындаудан жалтаруға қарсы дәйекті күрес жүргізу арқылы салық базасын кеңейту жөнінде шаралар қабылдау. 

Есеп комитеті бірнеше рет бюджеттік тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу және мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тұрақтылығы құжатын әзірлеу мәселесін қарау қажеттілігіне назар аударған болатын.

 

ТӨРТІНШІ. Квазимемлекеттік сектордағы жүйелі проблемалар.

  Бұл мәселе Парламентте жан-жақты және бірнеше мәрте талқыланды. «Самұрық-Қазына» қорының өзін қоспағанда, олардың активтерін басқарудың айтарлықтай жақсарғанын әзірге айта алмаймыз.

Биыл Есеп комитеті Президент Әкімшілігінің жүйе құраушы холдингтер мен ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігіне аудит жүргізу жөніндегі тапсырмасын орындау жұмыстарын аяқтайды. Нәтижесі қандай?

Жалпыұлттық міндеттерге қол жеткізудегі әрқайсысының рөлін нақты анықтай отырып, олардың қызметін стратегиялық жоспарлауды жетілдіру маңызды деп санаймыз.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экономикадағы рөлін қайта қарау қажет. Олар пайда әкеліп, жаңа нарықтардың ашылуын тудыруы керек. Нарықтық бәсекелестік қалыптасқан жерде тек қана жеке бизнес дамуы тиіс.

Сонымен қатар, келесі жүйелі проблемаларды шешу қажет:

- борыштық жүктемеге бақылауды күшейту;

- дивидендтік саясатты регламенттеу;

- сатып алуды қатаң бақылау;

- корпоративтік басқаруды жетілдіру;

- бейінді емес активтерден арылу, демек оларды күтіп-ұстауға жұмсалатын қомақты шығындарды азайту.

Бірқатар компанияда мұндай жұмыс басталып кетті. Бірақ кейбір нормаларды заңнамалық деңгейде бекіту керек.

 

ЖӘНЕ СОҢҒЫСЫ. Өңірлік саясаттың маңызды бөлігі ретінде субвенцияларды бөлу және алып қоюды белгілеу туралы.

Аудиттің пікірінше, әдіснаманың өзін жетілдіру керек. Себебі жалпы сипаттағы трансферттердің мақсаты – бюджетті теңестіру де дұрыс айқындалмаған.

Мүмкін, бюджетаралық аударымдардың мақсаты әртүрлі өңірлердегі адамдардың өмір сүру жағдайларын теңестіру болуы керек шығар.

Сондай-ақ жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдерді болжау жүйесін жетілдіру қажет. Шығындарды әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның нақты жағдайын ескере отырып, өңірлердің нақты қажеттіліктеріне сүйене отырып айқындау керек.

Салықтық әлеуетті дамытуда ынталандыру болуы тиіс. Сосын республикалық және жергілікті бюджеттер арасында бюджет қаражатының қарсы ағынын қысқарту қажет.

Мәселе өте маңызды әрі күрделі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл мәселе Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің қарауына енгізілетін болады.

Құрметті депутаттар!

Баяндамамды аяқтай келе, Есеп комитетінің қорытындысына мұқият назар аударғандарыңыз үшін Сіздерге алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Сіздердің барлық ұсынымдарыңыз бен ұсыныстарыңыз біздің алдағы жұмысымызда ескерілетін болады.

Біз Парламентпен және Үкіметпен бірлесіп, ел басшылығы қойған міндеттерді орындап, бюджеттің іске асырылу тиімділігін арттыра аламыз деп үміттенеміз.

Назарларыңызға рақмет.