2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі бойынша ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Есеп комитетінің Төрайымы Н.Н. Годунованың сөйлейтін сөзінің тезистері

2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі бойынша ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Есеп комитетінің Төрайымы Н.Н. Годунованың сөйлейтін сөзінің тезистері

Құрметті Мәулен Сағатханұлы!

Құрметті депутаттар!

Ең алдымен, Есеп комитетінің Қорытындысына мұқият назар аударғаны үшін депутаттарға алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Ол комитеттердің жұмыс топтары мен отырыстарында егжей-тегжейлі қаралды. Сондықтан тек жекелеген аспектілерге ғана тоқталып өтейін.

2020 жылғы бюджеттің атқарылуы пандемиядан туындаған қиын жағдайларда жүзеге асырылды.

Шындығында, мемлекет басшылығының тапсырмалары бойынша халық пен бизнесті қолдауға бағытталған бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданды. Нәтижесінде ұлттық экономиканың күрт құлдырауының алдын алуға және сыртқы теріс әсерді елеулі түрде нивелирлеуге мүмкіндік берді. 

 

Республикалық бюджеттің жоспарлы параметрлері атқарылды.

Түсімдер 100,2%-ға немесе 15,1 трлн. теңгеге орындалды. 

Ұлттық қор Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларына бағаның құлдырауы және белгісіздіктің дағдарыстық жағдайында ел үшін «қауіпсіздік көпшігі» рөлін тағы бір рет орындады. Бұл ретте өткен жылы Ұлттық қорға түсетін түсімдердің барлық сомасының 96%-ын жұмсадық.

Енді, жағдай тұрақталған сайын оны барынша толықтыруды қамтамасыз ету қажет. Өкінішке орай, Ұлттық қорға аударылуға жататын қаражаттың мақсатына сай аударылмау фактілері кездеседі.

Бұл квазимемлекеттік сектор субъектілеріне активтерді жекешелендіруден түскен қаражатты олардың сыртқы және ішкі борышын өтеуге пайдалану құқығының берілуіне де байланысты.

Ұлттық қорды тексеру кезінде «Самұрық-Қазына» активтерін сатудан түскен қаражат есебінен бұдан бұрын Ұлттық қордан алынған 162 млрд.-қа жуық теңге сомасындағы облигациялық қарыздың өтелгендігі жөнінде факті анықталды. Мұндай практиканы тоқтатуымыз керек.

Жекелеген жағдайларда Ұлттық қорға салық төлеудің орнына мұнай секторы компанияларының ақшалай қаражаты республикалық бюджетке есептелді. Тек 2020 жылдың өзінде мұнай секторы компанияларынан 664 млрд. теңге қаражат толық түскен жоқ!

 

Есеп комитеті резервтерге және салықтық әкімшілендіруді жақсартуға назар аударды. Осының есебінен 2020 жылы Қаржы министрлігі 1,5 трлн. теңге қосымша түсімдер болжады. Іс жүзінде
7 есеге аз түсті.

Бюджетке бересіні өтеу бойынша жағдай сапалы түрде өзгерген жоқ, ол әлі де ақшалай емес қаражатпен жүзеге асырылады.

Алдағы төлемдер есебінен артық төлеу проблемасы да сақталып отыр. Негізінен жүйе құраушы салықтар бойынша - КТС және ҚҚС. 2021 жылдың қаңтарында бұл сома – 1 трлн. 800 млрд.теңгеден сәл аз.

Бұдан басқа, 2020 жылы өсімпұл бойынша артық төлеу анықталды, бұл дұрыс әкімшілендіру кезінде мүлдем болмауы тиіс. Осы салық бойынша түскен түсімдердің жалпы көлемінде тек ҚҚС бойынша өсімақыны артық төлеу сомасы шамамен 30%-ды құрады.

Әзірге жоспарлы салықтық тексерулердің нәтижелілігі төмен. Мыңнан астам жоспарлы тексерулердің 3%-ында тексеру қосымша есептеусіз аяқталды, ал 54%-да қосымша есептеу сомасы 10 млн. теңгеден кем болды.

 

Мемлекеттік борышының өсуі жалғасуда.

Борыштың ЖІӨ-ге арақатынасы 29,4%-ға жетіп, жаңа Бюджет саясаты тұжырымдамасында белгіленген шектеуден 27%-ға асты.

Ағымдағы жылдың басында 1,1 трлн. теңгені құраған жергілікті атқарушы органдар борышының - 5 есе күрт өсуін атап өткен жөн. Әзірге бұл бекітілген лимит аясында, бірақ болашақта қауіп тудырады.

 

Енді, ШЫҒЫСТАРҒА келетін болсақ. Күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан, бюджет өзінің әлеуметтік бағытын сақтап қалды. Бұл жөнінде айтылды.

Бірақ пайдалану тұрғысынан сұрақтар бар. Барлық мемлекеттік аудит органдары белгілеген тиімсіз жұмсалған қаражат көлемі шамамен 570 млрд. теңгені құрады.

Әр теңге шотта болуы керек болған кезде, бұған жол беруге болмайды. Сондықтан біз өткен жылы бастаған мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды адамдардың жауаптылығын күшейту жөніндегі жұмысты жалғастыру өте маңызды деп санаймыз. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тек екі дефиниция енгізілді. Тағы үш дефиницияны жаңа норманың жұмыс жасау нәтижелері бойынша қарау туралы шешім қабылданды. 2021 жылдың басынан бері 11 лауазымды адам жазаланды. Біз қорқатын норманы оңды-солды қолдануға енді жол жоқ. Бірақ ол жақсы алдын алу, ұстамды сипатқа ие. Өкінішке орай, әзірге өте тар шеңберде бұзушылықтар бар.

Дағдарысқа қарсы қаражатты пайдалану бойынша да мәселелер бар.

Жұмыссыздық деңгейін 4,9% деңгейінде сақтауға қол жеткізілгеніне қарамастан, бастапқыда жұмыспен қамтуды қолдау бойынша шығындардың едәуір бөлігі уақытша жұмыс орындарын ашуға тиесілі болды, олар бойынша жұмысқа орналастырудың орташа кезеңі 1-3 айды құрады.

Алайда, Үкімет қазіргі уақытта мемлекет ресурстарын жалаң жұмсауға мүмкіндік бермейтін қажетті шараларды қабылдап, талаптарды белгілеген болатын. 

Есеп комитетінің қорытындысын депутаттар жеткілікті түрде егжей-тегжейлі зерделегендіктен, бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың бірнеше жаңа мысалын келтірейін. Жақында ғана біз арнайы экономикалық аймақтар қызметінің тиімділігіне жүргізілген аудитті аяқтадық. Өздеріңіз білетіндей, олардың міндеті – қазіргі заманғы өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту. Алайда, АЭА-ға қатысты сұрақтар бұрыннан туындаған. 5 аймақ болған кездің өзінде Елбасы олардың тиімділігін анықтауды талап еткен болатын. Бүгінде бізде 13 арнайы экономикалық аймақ бар.

2001 жылдан бастап 2019 жылға дейін АЭА-да инфрақұрылымды дамытуға (салуға) тек республикалық бюджеттен 372 млрд. теңге бөлінді, оның 62%-ы – Ұлттық қордың қаражаты.

Алайда, сол 13 АЭА-ның 3-інің ғана құрылысы толық аяқталған.

Бәрін аяқтау үшін тағы 280 млрд. керек. Сондықтан АЭА жалпы аумағының 60%-ға жуығы бос тұр.

Енді АЭА-ның құрылу мақсатына жетуі туралы айтар болсақ. АЭА-ға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 4,3 трлн. теңгені құрады. Олардың тек 29%-ы немесе 1 трлн. 200 млрд. теңгесі өнеркәсіпті дамытуға салынды.

Осы триллионның құрылымы туралы бір-екі сөз. 65%-ын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қатысуымен салынған инвестициялар құрады. Бұған дейін бұл қаражат республикалық бюджеттен немесе Ұлттық қордан бөлінген болатын. Мемлекеттің қаражат құюының 1 теңгесіне 3 теңгеден сәл артық инвестиция келеді, оның 1,1 теңгесі жеке меншікке, қалғандары – квазимемлекеттік секторға тиесілі. Бұл цифрлар жақсы емес.

Дегенмен, шынын айта кету керек, жалпы, мемлекет АЭА-ға жұмсаған қаржы салық түрінде қайтарылды.

Депутаттардың қолдауының арқасында Бюджет кодексінде 2021 жылдан бастап салынған қаражаттың әлеуметтік-экономикалық әсерін айқындау үшін негіздер белгіленді. Енді әрбір әкімші осыны орындауға міндетті.

Тағы бір өте маңыздысы, бұл баршаға түсінікті әдіснама және Ұлттық экономика министрлігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің (СЖРА) тікелей үйлестіруі болуы тиіс .

2020 жылы Үкімет жалпыұлттық міндеттерге қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы бағдарламалық құжаттардың іске асырылу тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қабылдады. Бұл өте маңызды! Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесінің қабылдануымен ұлттық жобалардың әзірленуіне байланысты бұл жұмыс жалғасуда.  

Алайда, кейбір жағдайларда маңызды салаларды дамытудың стратегиялық пайымдары әлі күнге дейін жоқ. Жақында ғана Есеп комитеті жер ресурстарының басқарылуына аудит жүргізуді аяқтады. Нәтижесі қандай десек? Біздерде Жер ресурстарын дамыту стратегиясы ғана емес, тіпті Тұжырымдамасы да жоқ.

 

Квазимемлекеттік сектор туралы бірнеше сөз.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес  квазимемлекеттік сектордың көптеген ірі компанияларында аудит жүргізілді.

Тек 2020 жылдың өзінде квазимемлекеттік сектордың 25 субъектісі және олардың активтерінің 16 трлн. теңгесі аудиттелді. 60 жүйелі проблемалар мен кемшіліктер, 41 млрд. теңге қаржылық бұзушылық, 340 млрд.-қа жуық теңгеге активтердің тиімсіз басқарылғаны анықталды.

Квазимемлекеттік секторды жоғары технологиялық және тиімді институттарға трансформациялау процесі әзірге тиісті нәтиже берген жоқ.

Трансформациялау созылып отыр, Кешенді жоспарды іске асыру қорытындысы бойынша жекешелендіру тек 62%-ға ғана  қамтамасыз етілді.

2017 – 2020 жылдары Ұлттық қорға квазимемлекеттік секторды жекешелендіруден түскен кірістер 40 млрд. теңге немесе сату сомасының 7%-ы көлемінде түсті. Қалған қаражат ішкі және сыртқы борышты өтеуге жұмсалды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша 2019 жылдың деңгейіне қарағанда борыштық міндеттемелердің өсуі шамамен 15%-ды құрады.

Бұл ретте валюталық қарызды ең ірі ұлттық компаниялардың бірінің еншілес компаниясы акционерлерге дивидендтер төлеу үшін тартқандығы жөнінде фактілер бар. 

Ал жалпы алғанда, мемлекетке төленетін дивидендтердің көлемі алынған таза кірістің 7%-ынан аспайды. Президенттің тапсырмасы 100%!

Квазимемлекеттік сектордың негізгі жүйелі проблемалары мыналар:

- регламенттелмеген және айқын емес дивидендтік саясат;

- сатып алудың басым үлесін конкурс өткізбей және көбінесе үлестес компаниялардан жүзеге асыру. Орташа есеппен 77%. Салынып жатқан объектілердің сметалық құнының жоғары болуы;

- корпоративтік басқарудағы елеулі кемшіліктер. Көптеген ұлттық компанияларда әкімшілік шығыстардың  58%-ы жалақыны құрайды.

Ал директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар мен бонустарды төлеу компаниялар KPI-ді орындауға байланысты емес;

- баланста бейінді емес активтердің болуы және оларды ұстауға жұмсалатын елеулі шығындар.

Бұл ретте жүйелі бюджеттік қаржыландыру квазимемлекеттік секторды мемлекеттік ресурстарды пайдаланудың ұтымдылығын арттыруға ынталандырмайды.

Мемлекеттік активтерді басқару тәсілдеріне өзгерістер енгізу қажеттігі пісіп-жетілді. Жалпыұлттық міндеттерге қол жеткізудегі әркімнің рөлін нақты айқындай отырып, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін стратегиялық жоспарлауды жетілдіру, борыштық жүктемеге бақылауды күшейтіп, корпоративтік және дивидендтік саясатты нақты регламенттеу қажет.

Көптеген компанияларда осындай жұмыс жүргізілуде. Бірақ бір нәрсені заңнамалық деңгейде бекіту керек.

Өңірлік саясаттың маңызды бөлігі ретінде бюджетаралық қатынастар туралы бірнеше сөз.

Өткен жылы Есеп комитеті жалпы сипаттағы трансферттерді жоспарлау мен пайдаланудың тиімділігіне аудит жүргізді. Нәтижесі қандай десек? Аудиттің пікірінше, трансферттер мен алып қоюлардың негізгі мақсаты – бюджетті теңестіру дұрыс айқындалмаған.

Мүмкін, бюджетаралық аударымдардың мақсаты әртүрлі өңірлердегі адамдардың өмір сүру жағдайларын теңестіру болуы керек шығар. Оның үстіне, субвенциялар мен алып қоюларды айқындау кезінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның бүгінгі жай-күйі ескерілмейді.

Қолданыстағы әдістеме мынадай, мысалы, донор өңірлердің бір тұрғынына есептегенде жергілікті бюджет шығыстары субвенциялық облыстардағы шығыстардан едәуір асып түседі. Бұл жалпы донор өңірлердегі тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылым жақсы болғандықтан шығар.

Ақшаны ешкімге бергіміз келмейтіні түсінікті. Бірақ мемлекеттің мұндай бұл тәсілін Алматы, Түркістан, Қызылорда және басқа да дотациялық облыстардың  тұрғындарына қалай түсіндіруге болады?

Сондықтан, Есеп комитетінің пікірінше, жалпы сипаттағы трансферттерді айқындаудың қолданыстағы әдістемесі жетілдіруді талап етеді. Бұл ретте бюджет қаражатының қарсы ағынын қысқарту қажет.

Құрметті депутаттар!

 

Сіздермен және Үкіметпен бірге біз мемлекеттік ресурстарды жұмсаудың тиімділігін арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын боламыз.

Баяндама аяқталды. Назарларыңызға рақмет!