Жер ресурстарының ұтымды басқарылуын, пайдаланылуын және қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ геодезия және картография саласындағы жер ресурстарының басқарылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижелері шығарылды

Жер ресурстарының ұтымды басқарылуын, пайдаланылуын және қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ геодезия және картография саласындағы жер ресурстарының басқарылу тиімділігіне жүргізілген  мемлекеттік аудиттің нәтижелері шығарылды

Есеп комитетінің бейнеконференция режиміндегі отырысында жер ресурстарының ұтымды басқарылуын, пайдаланылуын және қорғалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ геодезия және картография саласындағы жер ресурстарының басқарылу тиімділігіне жүргізілген аудиттің нәтижелері шығарылды.

Жер ресурстарын басқару саласында мемлекеттік органдар мен ЖАО функцияларының бытыраңқылығы, олардың қызметін Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан үйлестірудің, проблемалық мәселелерді шешуде кешенді тәсілдің болмауы салдарынан ұйымдық және функционалдық құрылымның орталықсыздандырылуы байқалады.

Елдің жер ресурстарын басқару тек ауыл шаруашылығы саласына ғана шоғырланады.

Мемлекеттік жер кадастрын әзірлеу кезінде әлеуметтік және экономикалық міндеттерді шешу, инфрақұрылымды, жер нарықтарын жоспарлау және дамыту, қоршаған ортаны қорғауға жәрдемдесу, жер дауларына жол бермеу және қысқарту және т.б. үшін толыққанды мәліметтердің мазмұны бойынша БҰҰ-ның ұсынымдары сақталмаған. Бұл ашықтықтың болмауына, жерді пайдалану жөнінде заңсыз шешімдер қабылдауға, оны уақтылы жаңартуға алып келеді.

«Мемлекеттік жер кадастры» ААЖ-да жер алаңдары бойынша мәліметтер жер қоры баланстарының деректеріне сәйкес келмейді, күші жойылған жер учаскелері туралы өзекті ақпарат пен мәліметтер жоқ, аэроғарыштық жұмыстардың, жер мониторингінің, топырақ бонитетін айқындаудың, космомониторингтің нәтижелері қамтылмаған. Елдің 6 507 елді мекенінің 2 383-і (42%) бойынша аумақтардың шекаралары нақты белгіленбеген.

Аймақтарға бөлу негізінде жерді пайдаланудың нысаналы мақсаты мен режимі, жер салығының мөлшерлемелерін жоғарылату/ төмендету үшін, сондай-ақ жер учаскелерін сатудың (жеке меншік құқығы мен жалға алу құқығы) кадастрлық (бағалау) құнын есептеу үшін коэффициенттер белгіленеді.

Алайда, жергілікті атқарушы органдар барлық елді мекендер бойынша аймақтарға бөлуді қамтамасыз етпеген не аймақтарға бөлудің ескірген материалдарын пайдалануға жол береді. Бұл алынатын жер салығының нақты мөлшерін бұрмалау, жер учаскелерінің құнын төмендету тәуекелін  тудырады.

Елді мекендер жерінің санатына ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін жеке меншікке заңсыз беру фактілері анықталды.

Қала маңындағы аудандардың елді мекендерінің шегінен тыс ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін белгіленген ең төменгі мөлшерден төмен заңсыз бөлудің (сегментациялаудың) көптеген фактілері байқалады.

1980 жылдардан бастап Қарағанды (Осакаров ауданы) және Павлодар (Баянауыл ауданы) облыстарының шекарасында орналасқан ауданы 17,1 мың га жер учаскесінің тиесілілігі туралы даулы мәселе жүруде, ол бойынша түпкілікті шешім осы уақытқа дейін қабылданбаған.

Есеп комитеті мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша барлығы 365 рәсімдік бұзушылық, 272 жүйелік кемшілік пен проблеманы анықтады, қаржылық бұзушылықтардың сомасы 1 052,5 млн. теңгені құрады.

Есеп комитеті Үкіметке, ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне, Жер ресурстарын басқару комитетіне және Геодезия және картография комитетіне, сондай-ақ олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға, Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарының әкімдеріне ұсынымдар берді.

 

Есеп комитетінің баспасөз қызметі