2020 жылы Есеп комитеті «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының, соның ішінде концессиялық жобалардың іске асырылу тиімділігін талдау және бағалау» аудиторлық іс-шарасын жүргізді.
Аудит қорытындысы бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың тексеру комиссияларына жергілікті МЖӘ жобаларының іске асырылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізу ұсынылды.
Есеп комитетінің ұсынымдарын орындау мақсатында Шымкент қаласы бойынша тексеру комиссиясы 2018 жылғы 1 қаңтар – 2020 жылғы 30 маусым аралығындағы кезеңге 8 объектіде Шымкент қаласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің іске асырылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.
Аудитпен сомасы 15 616,0 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар, сомасы 2 274,4 млн. теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғаны және сомасы 5 370,4 млн. теңгеге тиімсіз жоспарланғаны, сондай-ақ рәсімдік сипаттағы 38 бұзушылық анықталды.
Жүргізілген аудит нәтижелері бойынша бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларын бұзу фактілері бойынша әкімшілік шаралар қолдану үшін Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне 7 материал жіберілді.
Анықталған бұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 5 жоба бойынша қарау үшін тиісті құжаттар Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жолданды.
Сонымен қатар, 1 материал Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне және 3 материал Шымкент қаласының прокуратурасына жіберілді.
Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылатын жобалардың тиімділігін одан әрі арттыру, бюджет қаражатын оңтайлы пайдалану және алдын алу шараларын ұйымдастыру мақсатында жоғарыда көрсетілген бұзушылықтар мен жүйелі кемшіліктерді ескере отырып және тиісті шаралар қабылдау үшін аталған ақпарат Шымкент қаласының әкіміне жіберілді.
Есеп комитетінің баспасөз қызметі