«Біріккен химиялық компания» ЖШС және оның еншілес ұйымдары активтерінің басқарылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.

«Біріккен химиялық компания» ЖШС және оның еншілес ұйымдары активтерінің басқарылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.

2017 жылғы 1 қаңтардан бастап 2020 жылдың   30 маусымына дейінгі кезеңдегі «Біріккен химиялық компания» ЖШС және оның еншілес ұйымдары активтерінің басқарылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары бойынша 2021 жылғы 18 ақпанда Есеп комитетінің кезекті отырысы өтті. 

Есеп комитетінің отырысына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «БХК» ЖШС және оның еншілес ұйымдарының өкілдері қатысты.

Минералды және көмірсутекті шикізаттың үлкен қорына ие Қазақстанның химия өнеркәсібінің өсуіне орасан зор әлеуеті бар. Соңғы жылдары Қазақстанда химия өнеркәсібі дамып келеді және бүгінгі таңда оның өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 4,1% құрайды, бұл 2014 жылдан 2019 жылға дейін екі есеге жуық артты.

Бұл ретте, жүргізілген аудиттің нәтижелері «БХК» ЖШС құрылғаннан бері алдына қойылған барлық міндет толық шешілмегенін көрсетті. Қазақстанда химия өнеркәсібінің елдің ЖІӨ-ге қосқан үлесі 1%-тен аспайды, ал мұнай-химия өнімдеріне деген ішкі қажеттілік импорттың есебінен 94% құрайды. Байланысты жобаларды дамыту, инвесторларды тарту, жұмыс орындарын құру, салықтарды төлеу және т.б. бойынша мультипликативті әсерге қол жеткізілген жоқ.

«БХК» ЖШС бүкіл жұмыс кезеңінде химия өнеркәсібінде жобаларды іске асыратын ұйымдарды капиталдандыруға жалпы сомасы 349,3 млрд. теңге бағытталған. Бұл ретте 21 жобаның ішінен 6 жоба нақты жүзеге асырылды, оның ішінде: 2 жоба қазіргі уақытта шығынға ұшыраған; 3 жоба - инфрақұрылымдық; 1 жоба толық өндірістік цикл емес және толық қуатында жұмыс істемейді.

Соңғы жылдары көмірсутегі шикізатын терең өңдеуді дамытудың бағыттарын айқындайтын бірқатар стратегиялық құжаттар қабылданғанына қарамастан, Қазақстанда әлі күнге дейін толыққанды мұнай-химия өндірісі құрылған жоқ. 

Мемлекеттік аудиттің нәтижелері бойынша сомасы 0,9 млрд. теңгеге қаржылық бұзушылықтар, соның ішінде бухгалтерлік есеп бойынша 0,09 млрд. теңге, сомасы 71 млрд. теңгеге активтердің тиімсіз пайдаланылуы, сомасы 7,6 млрд. теңгеге экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда және 67 рәсімдік бұзушылық анықталды. 

Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға, «Біріккен химиялық компания» ЖШС-на және оның еншілес ұйымдарына квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқару мен пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған ұсынымдар берді, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша тапсырмалар берді.

Процестік шешімдер қабылдау үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға 7 материал, ал құқық қорғау органдарына 3 материал жіберілді.

 

 

Есеп комитетінің баспасөз қызметі