Есеп комитеті Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қорытынды бағалау нәтижелерін қарады

Есеп комитеті Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қорытынды бағалау нәтижелерін қарады

Есеп комитетінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын қорытынды бағалау, сондай-ақ дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудит нәтижелері қаралды.

Соңғы 10 жылда (2010 жылдан 2019 жылға дейін) талданған бағдарламалар шеңберінде индустриялық-инновациялық жүйені дамытуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру көлемі 5 030 млрд теңгені құрағаны атап өтілді, соның ішінде: 2010-2014 жж. - 4 269 млрд. теңге;    2015-2019 жж. - 761 млрд. теңге.

 2015 жылы Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі - ИИДМБ/Мемлекеттік бағдарлама) шеңберінде кезекті шаралар кешені қабылданды, онда өңдеуші өнеркәсібінің әртараптандырылуын ынталандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі алғашқы жаһандық мақсат (іске асыру барысында енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып) еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өңдеуші өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыруға баса назар аударуға дейін төмендеді.

Бұл ретте, Мемлекеттік бағдарламаның параметрлерін сапасыз жоспарлау, бірқатар жағдайларда әдейі орындалмайтын мақсаттар мен міндеттер қою белгіленді. Бөлінген қаржы жоспарланған нәтижелерге әрдайым сәйкес келе бермейді, тиісті мониторингілеу жүйесі жоқ, мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру бірыңғай жүйелік тәсіл мен есеп беру деректерін шоғырландыру болмаған жағдайда жүзеге асырылады.

2016 жылы Мемлекеттік бағдарламаны түзету барысында оның бастапқы параметрлері айтарлықтай қысқарды (нысаналы индикаторлары    6-дан 4-ке дейін, іс-шаралар - 313-тен 87-ге дейін). Іс-шаралардың (87 іс-шараның ішінен 80 немесе 92% орындалды) және мемлекеттік бағдарлама көрсеткіштерінің (11-ден 9-ға) жеткілікті түрде жоғары іске асырылуы кезінде 4 нысаналы индикатордың 2-іне немесе 50%-не қол жеткізілмеді, бұл ретте «Өңдеуші өнеркәсібінде энергия сыйымдылығын 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда кем дегенде 7%-ке төмендету» нысаналы индикаторына Мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың алғашқы жылында-ақ қол жеткізілді.

Мемлекеттік бағдарламаның барлық іс-шарасының 15%-і оның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге тікелей әсер етті, ал қалған 85%-і (жобаларды мониторингілеу, мәселелерді пысықтау және ұсыныстар әзірлеу, ақпараттық-талдамалық зерттеулер жүргізу, ақпарат беру, индустрияландыру қорытындыларын шығару, индикаторлар мен көрсеткіштер бойынша жарияланымдарды қамтамасыз ету және т.б.) индустриялық-инновациялық дамуға жанама әсер етті.

Мемлекеттік органдар мен олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының нәтижеге жауапкершіліктің төмендеуіне, мемлекеттік қызметтердің сапасыз көрсетілуіне әкеп соққан (2019 жылы инновациялық гранттар берілмеді) жиі құрылымдық қайта құрылуы, Мемлекеттік бағдарлама іс-шараларының іске асырылуына мониторинг пен бақылау жүргізу сапасына әсер ететін сабақтастықтың болмауы атап өтілді.

Отырыстың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиісті ұсынымдар және уәкілетті орталық органдар мен ұйымдарға тапсырмалар берілді, соның ішінде қолданыстағы Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезінде анықталған кемшіліктерді ескеру қажеттілігі атап өтілді.

 

 

Есеп комитетінің баспасөз қызметі