Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын бағалауға жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды

Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуын бағалауға жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды

Есеп комитетінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі - Мемлекеттік бағдарлама) іске асырылуын аралық бағалауға, сондай-ақ дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған қаражатты пайдаланудың тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.

Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 2020 жылғы 28 наурыздағы тапсырмасын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Қ. Көшербаев 2019 жылғы 26 желтоқсанда бекіткен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы                  іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның 2020 жылға арналған жұмыс жоспарын орындау мақсатында өткізілді.

Ресми статистикалық деректерге сәйкес 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ел тұрғындарының 41,2%-і ауылдық жерлерде тұрады. 8,8 млн. жұмыспен қамтылған адамдардың жалпы санынан 1,2 млн. адам (2019 жылы) немесе 13,6%-і ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5 жыл ішінде (2015-2019 жылдары) ақшалай түрде 12,2%-ке ұлғайып (НКИ бойынша, 2015 жылға қарай %-пен), 5 151,2 млрд теңгені құрады.

Өсімдік шаруашылығы бойынша 2019 жылы жалпы өнім көлемі 2 817,7 млрд теңгені құрады немесе 2015 жылдың деңгейіне қарағанда өндірістің 9,9% -ке ұлғаюы байқалады (НКИ  бойынша, 2015 жылға қарай %-пен).

Өндіріс көлемі бойынша (заттай түрде, жалпы өнім) күріштің (138,4 мың тоннаға немесе 32,8%-ке), майлы дақылдардың (1 036,2 мың тоннаға немесе 67% -ке), көкөністер мен бақша дақылдарының, тамыржемістілер мен түйнекжемістілердің (1838,5 мың тоннаға, немесе 19,6%-ке), қант қызылшасының (311,4 мың тоннаға немесе 2,8 есе), жүзімнің (27 мың тоннаға немесе 42,6%-ке), шекілдеуікті және дәнекті жемістердің (82,5 мың тоннаға немесе 42,1%-ке), жидек дақылдарының (2,2 мың тоннаға немесе 11%-ке), жаңғақтың (3,2 мың тоннаға немесе 6,5 есе) өскені байқалады.

2015 жылға қарағанда 2019 жылы мал шаруашылығы бойынша жалпы өнім  15,1%-ке өсумен өндіріліп (НКИ бойынша, 2015 жылға қарай %-пен),           2 319,5 млрд. теңгені құрады. 5 865,1 мың тоннаны құрай отырып, сүттің барлық түрін өндірудің (682,7 мың тоннаға немесе 13,2%-ке), 1 975,0 мың тонна -  мал мен құс етін  (323,9 мың тоннаға немесе 19,6%-ке) өндірудің, 39 492,3 тонна - жүннің барлық түрін  (1,5 мың тоннаға немесе 3,9%-ке), 5,5 млрд. дана - жұмыртқаның барлық түрін өндірудің  (0,8 млрд. данаға немесе 16,8%-ке) ұлғайғаны байқалады.

Сонымен бірге, Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын бағалау нәтижелері, сондай-ақ дағдарысқа қарсы шараларға бағытталған қаражатты пайдалану тиімділігі жүйелі кемшіліктердің болуын, республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің тарапынан бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану кезінде тиісті мониторинг пен  бақылаудың болмауын көрсетіп отыр.

«Ауыл, орман және балық шаруашылығы» саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың инновациялық белсенділік деңгейі 2019 жылы 8,7%-ті құрады және экономикалық қызметтің басқа түрлерімен (өңдеуші өнеркәсіп  - 14,4%, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу - 15,4%, ақпарат және байланыс - 19,6%, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер - 32,5%) салыстырғанда айтарлықтай төмен (1,6-дан 3,7 есеге дейін).

2019 жылы ауыл, орман және балық шаруашылығы кәсіпорындарының жалпы саны 1969 бірлікті құрайды, оның тек 8,7%-і немесе 171 бірлігі инновациялық технологияларды, соның ішінде 111 бірлігі технологиялық инновацияларды енгізетін кәсіпорындар.

5 жыл ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнімін өндіруде жеке қосалқы шаруашылықтардың (ЖҚШ) үлесінің төмендеуіне қарамастан (9,6%-ке), олардың үлесі өсімдік шаруашылығында (44%), сонымен қатар мал шаруашылығында да (65,8%) ірі және орта субъектілерге қатысты басым болып келеді.

Осылайша, Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде ЖҚШ-да өндірістің басым болу проблемасы шешілмеген және оларға инновациялық технологиялар іс жүзінде енгізілмеген.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің (АШМ) мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен (ЖАО) тиісті өзара іс-қимылының болмауы анықталды, бұл жекелеген                 іс-шаралардың, міндеттердің уақтылы не толық орындалмауына, олар бойынша индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізбеуге әкелді. Мемлекеттік бағдарлама мен Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары (Негізгі ұлттық индикаторлардың стратегиялық картасы) арасында көлеңкелі экономика көлемін азайту бөлігінде өзара байланыс жоқ.

Тиісті бақылаудың, мониторингтің және АШМ мен ЖАО-ның   ведомствоаралық өзара іс-қимылының тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуіне байланысты Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру кезеңінде жекелеген нысаналы  индикаторлар мен көрсеткіштерге қол жеткізілмеген. Мәселен,  азық-түлік тауарларының көтерме саудасының НКИ-і: 2018 жылы 113%-ке жоспарланып, іс жүзінде ол 111,5%-ті құрады; 2019 жылы жоспар 118% болса, іс жүзінде 114,8%-ті құрады.

Өңірлерде жүргізілген аудит барысында да  бірқатар кемшіліктер анықталды.

Атап айтқанда, Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасында бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржылық есептілікті жасауда сомасы 4,8 млрд.теңгеге заң бұзушылықтар анықталды.

Ақмола, Алматы және Қарағанды ​​облыстарының басқармалары күн панельдерін олар техникалық шарттарға сәйкес келмесе де сомасы  1,4 млрд. теңгеге субсидиялаған.

Фермерлерге қант қызылшасы өндірісін субсидиялаудың бекітілген нормаларына қарамастан (12-ден 14 теңгеге дейін), Жамбыл облысының әкімдігі есеп айырысуды негізсіз 15,4 теңгеге, яғни 0,2 млрд теңгеге артық жасаған.

«Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын бұза отырып, құны 6,0 млрд.теңгелік «World Green Company» ЖШС (БҚО), «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС (БҚО),  құны 0,8 млрд.теңгелік «Мәлике» ШҚ (Түркістан облысы), 0,8 млрд.теңгелік «Бақыт-Ислам» ЖШС (Түркістан облысы) жылыжай кешендерін құру жобалары бойынша құрылыс жұмыстары бекітілген жобалау-сметалық құжаттамасыз, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге сараптамадан өтпеген және рұқсат берілмеген құжаттарсыз жүзеге асырылған. Мал шаруашылығы саласындағы қолданыстағы субсидиялау жүйесі теңдестірілмеген және жалпы алғанда негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін  30%-тен кем өндіретін, ірі, жоғары рентабельді  ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолдауға бағытталған, бұл нәтижеге әсер ету тұрғысынан жеткілікті дәрежеде тиімді болып табылмайды.

Бұл ретте, ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі бөлігін өндіретін шағын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен тұрғындардың ЖҚШ-сы іс жүзінде Субсидиялау ережелерінің талаптарына сәйкес келмегендіктен мемлекеттік қолдауды пайдаланбай отыр.

Жалпы алғанда, мемлекеттік аудиттің нәтижелері бойынша жалпы сомасы 2,8 млрд теңгені құрайтын қаржылық бұзушылықтар анықталды, тиімсіз жоспарлау 16,9 млрд теңгені құрады, қаражаттың тиімсіз пайдаланылуы 44,1 млрд теңгені құрап,  276 рәсімдік бұзушылық анықталды.

Отырыс қорытындысы бойынша Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиісті ұсынымдар берді және ауыл шаруашылығы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктеріне және «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ға тапсырмалар берді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ және Ақмола, Алматы және Қарағанды ​​облыстары бойынша жергілікті атқарушы органдарға анықталған кемшіліктерді жою туралы тапсырма берілді.

18 материал жеке және заңды тұлғалардың әкімшілік жауаптылығын қарау үшін уәкілетті органдарға берілуге жатады.

Жекелеген бұзушылық фактілері бойынша Есеп комитеті мемлекеттік аудиттің материалдарын процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылдады.

 

  Есеп комитетінің баспасөз қызметі