Әлемнің 22 елінің жоғары аудит органдарының өкілдері ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты

Әлемнің 22 елінің жоғары аудит органдарының өкілдері ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 30 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысты

Астанада арнайы келген шетелдік делегациялардың қатысуымен Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы қызметінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар ресми түрде бастау алды.

Мерейтойлық бағдарлама елордада сәрсенбі күні, 16 қыркүйекте, «Болашақ мемлекеттік аудит: инновациялар, цифрлық трансформация және тұрақты даму» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциядан басталды.

Бүгінгі таңда жасанды интеллект пен цифрлық экономика әлем бойынша мемлекеттік басқарудың архитектурасын қарқынды түрде өзгертуде. Осы жағдайларда жоғары аудит органдарының рөлі де өзгерді. Бұл мемлекет қаржысын пайдалануды дәстүрлі тексеруден мемлекеттік шешімдердің сапасы мен тәуекелдерін басқарудың стратегиялық орталықтарының біріне айналуға көшуді білдіреді.

Заманауи контекстті ескере отырып, Астанадағы ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар ЖИ-ді мемлекеттік секторға интеграциялау, мемлекеттік аудитте цифрлық аналитика мен үлкен деректерді қолдану, ЖИ технологияларын пайдалану кезінде қауіпсіздік пен жауапкершілікті сақтау сияқты өзекті тақырыптарды талқылауға назар аударды.

Сондай-ақ тұрақты даму аудитін жүргізудің практикалық аспектілері, экономика мен геосаясаттағы жаһандық өзгерістерге аудиторлық тәсілдерді бейімдеу мәселелері және мемлекеттік институттардың өздерінің тұрақтылығы мен тиімділігіне қойылатын жаңа талаптар қаралды.

Іс-шараға әлемнің 22 елінен жоғары аудит органдарының басшылары мен өкілдері келді. Сондай-ақ Дүниежүзілік банктің, Азия даму банкінің, Халықаралық валюта қорының, БҰҰДБ, ИНТОСАИ Даму бастамасының (IDI), ҚР ЖИ және цифрлық даму министрлігінің, тексеру комиссияларының, Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің уәкілетті өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Конференцияда АЗОСАИ төрағасы – Үндістанның бас бақылаушысы және аудиторы Шри К. Санджай Мурти, АЗОСАИ бас хатшысы – ҚХР Ұлттық аудит кеңсесінің бас аудиторы Хоу Кай, ИНТОСАИ төрағасының өкілі – Мысырдың есеп беру жөніндегі мемлекеттік органының вице-президенті Маналь Мохамед Хайри, ИНТОСАИ Бас хатшылығының өкілі – Австрия Аудит соты директорының орынбасары Герберт Баумгартнер, OLACEFS өкілі – Бразилияның Федералдық шоттар соты бөлімінің басшысы Уго Чудисон Араужу Фрейре, сондай-ақ ТМД елдері Жоғары аудит органдары басшылары кеңесінің бас хатшылығы өкілі – Ресей Есеп палатасы төрағасының орынбасары Галина Изотова құттықтау сөз сөйледі.

ҚР Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстандағы мемлекеттік аудиттің қалыптасу бастаулары туралы айтып, республикадағы және әлемдегі мемлекеттік аудиттің жаңа трендтері мен одан әрі дамуына тоқталды.

Ең алдымен, Әлихан Смайылов Жоғары аудиторлық палатаның институционалдық дамуының 30 жылдық жолының маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен және мемлекеттік институттардың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған ауқымды жаңғырту процестерінің бір бөлігі ретінде 2022 жылы Жоғары аудиторлық палатаның өкілеттіктерін кеңейту маңызды меже болды.

Бүгінде Палата өз профильдік функцияларын табысты орындап қана қоймай, сонымен қатар Президенттің Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру жөніндегі алға қойған міндетіне қол жеткізуге де үлес қосып келеді.

«Жоғары аудиторлық палата цифрлық құралдар мен технологияларды белсенді түрде енгізуде. Біздің ақпараттық жүйеміз бүгінде аудиторлық циклдің барлық кезеңін қамтиды. Ол мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының 20 ақпараттық жүйесімен біріктіріліп, мемлекеттік аудиттің 18 мыңнан астам объектісінің, яғни бюджет қаражатын алушылардың барлығының мониторингін қамтамасыз етеді», — деді Ә.Смайылов.


Қазір Мемлекеттік аудит объектісінің кабинеті мен Бірыңғай деректер қоры жұмыс істейді. Олар әрбір аудит объектісінің динамикалық бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палатаның цифрлық жүйесінде сатып алуларға, салық түсімдеріне және бюджеттің атқарылуына мониторинг жасауды, сондай-ақ аудит объектілерін тәуекелге бағдарланған іріктеуді қолдауды қамтамасыз ететін аналитикалық компонент жұмыс істейді.

Әлихан Смайылов атап өткендей, заманауи аудит стратегиялық талдаудың және жүйелік тәуекелдерді анықтаудың толыққанды құралына айналып келеді және тұрақты дамудың ұзақ мерзімді мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдеседі. Бұл ережелер ИНТОСАИ 25-Конгресінің Шарм-эль-Шейх декларациясында тікелей көрініс тапты.

Осыған байланысты жаһандық аудиторлық қоғамдастықтың ортақ міндеті – жасанды интеллект мүмкіндіктеріне сүйенетін, бірақ сонымен бірге тәуелсіздікті, кәсіби пайымды, этиканы және қоғамдық сенімді сақтайтын болашақ мемлекеттік аудит контурын айқындау.

Жоғары аудиторлық палата төрағасының айтуынша, ЖИ аудиторларға ақпараттың үлкен массивтерін талдаудан және рутиналық операцияларды автоматтандырудан бастап, әлеуетті тәуекелдерді анықтау мен болжауға дейінгі түбегейлі жаңа мүмкіндіктер береді.

Алайда цифрландыру жаңа сын-қатерлерде туындатады. Атап айтқанда, ЖИ алгоритмдері пайдаланатын деректердің дәйектілігі мен сапасын қамтамасыз ету, дербес мәліметтерді қорғау, қабылданатын шешімдер үшін адам мен алгоритм арасындағы жауапкершілікті бөлу, сондай-ақ мемлекеттік аудиторларды жаңа технологиялармен жұмыс істеуге сапалы оқыту.

Осы ретте Жоғары аудиторлық палата төрағасы алдағы жылдары жоғары аудит органдары үшін басым бағыттарды атап өтті:

Жасанды интеллект жүйелеріне аудит жүргізу тәсілдерін дамыту. Олардың тек техникалық тиімділігін ғана емес, этикалық нормаларын, алгоритмдердің ашықтығын, пайдаланылатын деректердің сапасын, модельдердің сенімділігін және адам бақылауы механизмдерінің міндетті түрде болуын бағалау;

Тәуекелге бағдарланған аудитті жетілдіру. Цифрлық қауіптердің толық спектрін, соның ішінде кибертәуекелдерді, технологиялық тәуелділікті және ЖИ-ді ауқымды қолдану кезіндегі алгоритмдік қателіктердің жиынтық әсерін ескеру;

Аудиторлардың кәсіби құзыреттерін нығайту. Тәуелсіз кәсіби пайымдаудың негізгі рөлін сақтай отырып, Data Science және ЖИ саласындағы жұмыс дағдыларын дамыту;

Халықаралық ынтымақтастықты жандандыру. Тиімді тәжірибе алмасу үшін цифрлық мемлекеттік жүйелер аудитінің бірыңғай принциптерін, әдістемелері мен стандарттарын әзірлеу;

ЖИ-дің тұрақты дамуға және қоғамдық құндылыққа қосқан үлесін бағалау. Цифрлық трансформация игіліктердің әділ бөлінуіне, қоршаған ортаны қорғауға және азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға қаншалықты ықпал ететінін тексеру.

«Жоғары аудиторлық палата ЖИ-ді жеке автоматтандыру жобасы ретінде емес, мемлекеттік аудит моделінің өзіне енгізілген түзетулер ретінде қарастырады. Бұл жұмыста біз үш қағидатты ұстанамыз: түпкілікті аудиторлық пайымдау аудитордың құзырында қалуы тиіс, ЖИ қолдану арқылы дайындалған кез келген қорытынды қайта тексерілуі және аудиторлық дәлелдемелермен расталуы қажет, мемлекеттік аудит деректерін өңдеу қорғалған контурда жүзеге асырылуы тиіс», — деді Ә. Смайылов.


Сөз соңында төраға технологиялар, экономика және мемлекеттік басқару тәсілдері өзгергенімен, аудит органдарының басты миссиясы – қоғамға қызмет ету өзгеріссіз қалатынын атап өтті.