Жоғары аудиторлық палата аудитінен кейін Астанада құны 10,5 млрд теңге болатын жаңа су бұру объектілері пайдаланушы ұйымдарға берілді

Жоғары аудиторлық палата аудитінен кейін Астанада құны 10,5 млрд теңге болатын жаңа су бұру объектілері пайдаланушы ұйымдарға берілді

Астанада жалпы құны 10,5 млрд теңге болатын төрт жаңа аяқталған су бұру объектісі пайдаланушы ұйымдардың балансына берілді. Тиісті мәселе ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша шешімін тапты.

Бұған дейін су бұру саласына жүргізілген мемлекеттік аудит барысында Астанада бірқатар объект құрылыс жұмыстары толық аяқталғанына қарамастан пайдаланушы ұйымдардың балансына берілмегені анықталған.

Объект формалды түрде есепке қойылмайынша салық салу базасынан тыс қалады, соның салдарынан бюджет салық түсімдерінен қағылады. Сонымен қатар мұндай объектіге іс жүзінде қызмет көрсететін кәсіпорын нормативтен тыс шығынға ұшырайды, өйткені оны күтіп ұстауға жұмсалатын шығыстар бекітілген тарифтік сметаға енгізілмеген және оларды жабу көзі қарастырылмаған.

Аудит қорытындысы бойынша Астана қаласының әкімдігіне жалпы құны 10,5 млрд теңге болатын құрылысы аяқталған төрт су бұру объектісін пайдаланушы ұйымдардың балансына беру,
сондай-ақ осыған ұқсас жағдайларды анықтау үшін техникалық түгендеу жүргізу тапсырылды.

Жоғары аудиторлық палатаның бұл нұсқамасы толық орындалды.

Сонымен қатар жүргізілген түгендеу нәтижесінде 2025 жылы Астанада бюджет қаражаты есебінен салынған 43 объектінің пайдаланушы ұйымдардың балансына берілгені анықталды.

Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша берілген басқа да нұсқамалардың орындалуы Жоғары аудиторлық палатаның бақылауында.