Есеп комитеті «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-ші бағыты мен Жұмыспен қамтудың жол картасына жүргізілген аудиттің қорытындыларын шығарды.

Есеп комитеті «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-ші бағыты мен Жұмыспен қамтудың жол картасына жүргізілген аудиттің қорытындыларын шығарды.

Кезекті отырыста Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағытының және Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының іске асырылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды. 

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінің, Премьер-министрдің кеңсесінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, индустрия және инфрақұрылымдық даму, мәдениет және спорт министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдардың және Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары бойынша тексеру комиссияларының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 10 сәуірде Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында берген тапсырмасына сәйкес Есеп комитеті өңірлердің тексеру комиссияларымен бірлесіп, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағытының және Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасының іске асырылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

2017-2019 жылдар кезеңінде «Еңбек» бағдарламасы және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шеңберінде жүгінген 1,8 млн. адамның 1,4 млн. адамы немесе шамамен 77%-і мемлекеттік қызметті алғаны атап өтілді.

Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде 6 376 жоба іске асырыла бастады (99%), оның ішінде 3 265 жоба аяқталды (51%). Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде жоспарланған 256 мыңнан астам жұмыс орнының 174 мыңға жуығы жаңа жұмыс орындары құрылды.

Сондай-ақ, Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруды үйлестіру және мониторингілеу мақсатында ҚР Президенті Әкімшілігінің жанынан жұмыс тобы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды.

Сонымен қатар, жүргізілген мемлекеттік аудит «Еңбек» бағдарламасының және Жұмыспен қамтудың жол картасы 3-бағытының іске асырылу тиімділігін арттыруға кедергі келтіретін бірқатар жүйелі проблемалар мен бұзушылықтар кемшіліктердің бар екенін көрсетті.

 

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 3-бағытына жүргізілген аудиттің қорытындылары

Жұмысқа орналастыру бойынша өтініштердің жыл сайын өсуі кезінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру деңгейі төмендейді. Егер 2018 жылы бұл 61% болса, 2019 жылы ол тек 56% -ды құрады.

Құрылған жұмыс орындарына мониторинг жүргізу кезінде таратылған ұйымдар қызметкерлерінің саны назарға алынбайды, бұл құрылған жұмыс орындарының теңгерімсіз көрсеткіштерінің қалыптасуына әкеп соғады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік бағдарламалар, «Еңбек» бағдарламасына қатысушылар үшін аумақтарды дамыту бағдарламалары шеңберінде іске асырылатын жобалар бөлінісінде жұмыс орындарының құрылуын мониторингілеуді жүзеге асырмайды.

Кәсіптік оқыту қорытындысы бойынша жұмысқа орналастырылған адамдарды талдау көрсеткендей, оқуды аяқтағандардың жалпы санының 59%-і жұмысқа орналастырылды, олардың 39%-і оқытылмаған мамандықтар бойынша жұмыс істейді, осылайша еңбек нарығының қажеттілігін қанағаттандыратын мамандықтарды таңдау кезінде белгілі бір проблемалар туындайды.

Соңғы үш жылда мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жоспарлы көрсеткіштер (квоталар) 76%-ке орындалмаған.

Жастар практикасына қатысушылар санының өсуімен тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны азаяды.

Жұмыспен қамтитын жекеменшік агенттіктерінің жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге деген қызығушылығының болмауы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастырудың төмен көрсеткіштеріне және 2018-2019 жылдары жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингін қамтамасыз етуді қаржыландыруға бөлінген ЖАО-ның жалпы сомасы 791,6 млн. теңге бюджет қаражатының игерілмеуіне әкеп соқты.

 

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасына  жүргізілген аудиттің қорытындылары.

Жол картасы жобаларын іске асыру негізінен тұрақты сипаттағы жұмыстарды жүргізуге бағытталған (72%), бұл тиімділіктің төмендігін және тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатына жете алмауды көрсетеді.

Объектілерді ағымдағы жөндеу аяқталғаннан кейін 1612 тұрақты жұмыс орнын құру көзделген, бұл аталған көрсеткіштерді жоспарлаудың формальдылығын білдіреді, өйткені көрсетілген жұмыстардың аяқталуы тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етпейді.

Алматы облысы бойынша жобаларды іріктеу кезінде тізбеге ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын, атап айтқанда, үш ауысымды оқыту нысаны (38 мектеп), медициналық ұйымдардың (43 АЕМ), орталық сумен жабдықтаудың (68 АЕМ), сондай-ақ мәдениет объектілерінің (160 АЕМ) және орталықтандырылған газбен жабдықтаудың (268 АЕМ) болмауы сияқты мәселелерді дамытуға және жақсартуға ықпал ететін басым және өзекті инфрақұрылымдық жобалар енбеген.

Шығыс Қазақстан облысында сомасы 1,8 млрд. теңгені құрайтын 16 жоба инфрақұрылымдық жобалар тізбесіне енгізгенге дейін іске асырыла бастаған.

Жобаларды іріктеу кезінде Жол картасында белгіленген өлшемшарттар сақталмайды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында 176 жоба бойынша қаражаттың жалпы көлемінің кем дегенде 90%-і мөлшерінде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілерден сатып алу бөлігінде шарттар сақталмаған.

Алматы облысында Жол картасын іске асыру үшін сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасыз сомасы 27 млрд. теңгеге 6 мектептің құрылысы бойынша жобалар жіберілді.

Сондай-ақ, аудиттің қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу және бухгалтерлік есеп жүргізу кезінде, құрылыс заңнамасының талаптары және орындалған жұмыстар көлемі негізділігінің 6,6 млрд.теңгеге қаржылық бұзушылықтарға, сондай-ақ 43,7 млрд. теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен пайдалануға әкеп соққан бірқатар бұзушылықтар анықталды.

Отырыстың қорытындысы бойынша Есеп комитеті заңнамаға, Жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған жол картасына және Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізу бөлігінде Үкіметке ұсынымдар және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ұлттық экономика министрліктеріне, Мемлекеттік кірістер комитетіне тапсырмалар берді. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының жергілікті атқарушы органдарына анықталған кемшіліктерді жою туралы тапсырмалар берілді.

Бірқатар материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау және процестік шешім қабылдау үшін уәкілетті органдарға берілді.

 

 

Есеп комитетінің баспасөз қызметі