
Астанада Жеңіл атлетика спорт кешені базасында Халықтың дене шынықтыру даярлығына президенттік тестілер басталды. Жарыс – Қазақстандағы басты бұқаралық спорт шараларының бірі.
Іс-шара 2026 жылы қызметін толық қалпына келтірген ҚР Президенттік тестілері және президенттік көпсайыс федерациясының қолдауымен өткізілуде.
Жарыстың ашылу салтанатына Федерация президенті Әлихан Смайылов пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.
Республиканың барлық өңірінен келген қатысушылар шалқалап жатып кеудені көтеру, биік кермеде тартылу, ұзындыққа секіру, қысқа қашықтыққа жүгіру және шыдамдылыққа жүгіру сияқты жаттығуларды орындауы керек.
Жалпы президенттік тестілер азаматтардың денсаулығын нығайтуға, дене шынықтырумен айналысуға қызығушылықты арттыруға, салауатты және белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде спортты дамытуға ерекше мән береді. Жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі үшін және ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Ал президенттік тестілер – азаматтарымызды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыратын тиімді жүйе», — деді Әлихан Смайылов.
2025 жылы республика бойынша президенттік тестілерді тапсыруға шамамен 2,8 млн адам қатысты. Оның ішінде 160 мыңнан астамы президенттік деңгейдегі, 200 мыңнан астамы ұлттық деңгейдегі және 445 мыңнан астамы бастапқы даярлық деңгейіндегі нормативтерді орындады.
«Біздің мақсатымыз – әрбір қазақстандыққа дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үшін жағдай жасау. Баршаңызға президенттік тестілерден сәтті өтуге тілектеспін!» — деп қорытындылады Әлихан Смайылов.
Ауқымды спорттық іс-шара 29-30 маусым күндері өтеді.